×
$
451.31
€
504.56
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.31
€
504.56
₽
5.36

Қазақстанның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Пәкістанға елші болып тағайындалды

Бүгін, 12:40
Қазақстанның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Пәкістанға елші болып тағайындалды
kisi.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еркін Тұқымовты Пәкістандағы төтенше және өкілетті елші етіп тағайындады. Бұған дейін Тұқұмов президенттің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тоқаевтың тағы бір жарлығымен Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстанның Мароккодағы елшісі және Тогодағы қоса атқарушы елшісі қызметтерінен босатылды.

Еркін Тұқымов кім?

Еркін Тұқымов 53 жаста. Ол Өзбекстанның Термез қаласында дүниеге келген. Варшава университетінің Халықаралық қатынастар институтын бітіріп, саясаттану ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Қазақ, орыс, ағылшын және поляк тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) бастаған. Кейін Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, Орталық Азия департаментін басқарған.

2010–2018 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің талдау бөлімін басқарды. Одан кейін төрт жыл Қазан қаласында бас консул қызметін атқарды. 2022 жылы ҚСЗИ-ге директор болып оралды.

2025 жылғы маусымда Еркін Тұқымов президенттің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.

Сәулекүл Сайлауқызы кім?

Сәулекүл Сайлауқызы 57 жаста, Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолының басым бөлігін Сыртқы істер министрлігі жүйесінде өткізген. Қазақстанның Франция, Израиль, Бельгия және Вьетнамдағы елшіліктерінде жұмыс істеген.

2021 жылғы наурызда Мароккодағы елші болып тағайындалды. Ал 2024 жылғы наурызда Тогодағы елші қызметін қоса атқару міндеті жүктелді.

Контекст

Бұған дейін Еркін Тұқымов 6 қазанда өткен Ауғанстан жөніндегі консультациялардың Мәскеу форматындағы сегізінші отырысында Қазақстан атынан қатысты.

Кездесуде қауіпсіздік, сауда және көлік дәліздері мәселелері талқыланды. Алайда Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы келіспеушіліктерге байланысты бірлескен мәлімдеме қабылданбады.

2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 581,1 миллион долларға жетті. Бұл алдыңғы кезеңдегі көрсеткіштен 2,4 есе көп.