Ауғанстанда жергілікті әйелдердің айтуынша, тәліптер тағы бір шектеу енгізген. Елдің солтүстігіндегі Балх провинциясында әйелдердің шын есімдерін ресми құжаттарға, соның ішінде медициналық карталар мен дәрігер жазып берген рецептілерге енгізуге тыйым салынған. Енді әйелдерді жаппай «Биби» деп атаса, кей жағдайда тіпті жануарлардың атауын қолданатын көрінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Испанияның El País басылымының мәліметінше, Балх провинциясындағы ауруханалар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне әйелдердің шын есімдерін жазбау және атамау тапсырылған. Оның орнына «әже» немесе «егде жастағы әйел» деген мағынаны білдіретін «Биби» сөзін қолдану міндеттелген.
Германияда тұратын ауғанстандық құқық қорғаушы Лала Османидің айтуынша, кей жағдайда әйелдерді «ешкі», «сиыр» деп те кемсітетін көрінеді.
«Бұл – әйелдің адами қадір-қасиетін жүйелі түрде жоққа шығару. Билік әйелдің есімін жануардың атауымен алмастыру арқылы оны адам ретінде қабылдамай, тіршілік иесіне немесе біреудің меншігіне теңейді», – деді Османи.
Кабулдағы құқық қорғаушы белсенді де мұндай нұсқаудың берілгенін растады. Алайда оның әзірге барлық жерде орындалмайтынын атап өтті.
Құқық қорғаушылар уақыт өте келе бұл тыйым бүкіл Ауғанстанға таралуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Бұл шектеу әйелдерге қандай қауіп төндіреді?
Әйелдердің шын есімдерін құжатқа жазбау медициналық көмек алу кезінде күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Бірнеше науқастың құжаты бір есіммен рәсімделсе, диагноз қоюда, ем тағайындауда және дәрі-дәрмек беруде қателік кету қаупі артады.
«Ондаған медициналық карта мен дәрігер рецептісі бір ғана «Биби» деген есіммен немесе жай ғана нөмірмен рәсімделген аурухананы елестетіп көріңіз. Мұндай жағдайда дәрігерлердің қателесу қаупі өте жоғары», – деп ескертті Османи.
Бұдан бөлек, Ауғанстанда әйелдерге медицинаның көптеген мамандығы бойынша білім алуға тыйым салынған. Ер дәрігерлердің көмегіне жүгіну мүмкіндігі де шектелген.
Femena құқық қорғау ұйымының дерегінше, тәліптер 2021 жылы билікке қайта келгеннен бері әйелдердің құқықтарына қатысты 144-тен астам шектеу енгізген.
Ауғанстанда қыз балаларға алтыншы сыныптан кейін мектепте білім алуға тыйым салынған. Ал әйелдердің көптеген мамандық бойынша жұмыс істеуіне және қоғамдық өмірге араласуына шектеу қойылған.
«Менің есімім қайда?»
Ауғанстанда әйелдердің есімін көпшілік алдында атамау дәстүрі тәліптер билікке келгенге дейін де болған. Әйелдерді көбіне өз есімімен емес, біреудің әйелі, қызы немесе анасы деп таныстырған. Тіпті олардың есімдері құлпытастарға да жазылмайтын болған.
2017 жылы құқық қорғаушы Лала Османи әйелдердің өз есімдерін ресми құжаттарға енгізу құқығын қорғау мақсатында «Менің есімім қайда?» атты науқан бастаған.
2020 жылы Ауғанстан билігі аналардың есімдерін балаларының туу туралы куәлігіне өз еркімен енгізуге рұқсат берді. Алайда тәліптер билікке қайта келгеннен кейін әйелдердің жағдайы күрт нашарлады.
Құқық қорғаушының айтуынша, бүгінде ауғанстандық әйелді өз есімімен атаудың өзі қарсылық білдірудің бір түріне айналған.