×
$
454.14
€
509.23
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.14
€
509.23
₽
5.41

"Отбасы банктің" жаңа шарттары бәріне бірдей қолжетімді болмай шықты

Бүгін, 15:46
"Отбасы банктің" жаңа шарттары бәріне бірдей қолжетімді болмай шықты
ЖИ/ Ulysmedia

Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Имран Османов «Отбасы банктегі» несие беру шарттарының өзгеруіне қатысты түсінік берді. Белгілі болғандай, баспана құнының жартысын жинаған қазақстандықтардың бәрі бірдей бағалау көрсеткішінің қажетті деңгейге жетуін күтпей-ақ аралық несие ала алмайды. Ал қайталама нарықтан пәтер сатып алушыларға жаңа өзгерістердің қатысы жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жеңілдік бәріне бірдей жасалған жоқ

Еске салайық, 15 қазаннан бастап «Отбасы банк» аралық несие беру шарттарын өзгертті. Енді баспана құнының 50 пайызын жинаған қазақстандықтарға бағалау көрсеткішінің беске жетуін күтудің қажеті жоқ. Олар жылдық 8,5 пайызбен несие ала алады. Бұған дейін депозиттегі ақша кемінде алты ай жатуы керек еді.

Жаңа ережелер бойынша бұл мерзімді күтпей-ақ несие рәсімдеуге болады. Алайда мұндай мүмкіндік банкпен серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алатындарға ғана беріледі. Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Имран Османов осы шектеуге назар аударды.

– Енді баспана құнының 50 пайызы жиналған жағдайда бағалау көрсеткішінің беске жетуін күтпей-ақ, жылдық 8,5 пайызбен аралық несие алуға болады. Алайда жаңа шарттар тек банк серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алған кезде қолданылады, – деп түсіндірді ол.

Қайталама нарықтан баспана алатындарға жеңілдік жоқ

Ал қайталама нарықтан пәтер сатып алуды жоспарлаған қазақстандықтарға ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Тіпті баспана құнының жартысы депозитте жатса да, аралық несие алу үшін бағалау көрсеткіші бұрынғыдай кемінде бес болуы керек.

Османовтың пікірінше, шешімін таппаған мәселе де осы. Өйткені несие берудің бұрынғы шарттарына қатысты шағымдардың көбі қайталама нарықтан баспана алғысы келетіндерден түскен.

– Демек, банк кейбір жаңа тұрғын үйлерді сатып алу шарттарын жеңілдеткенімен, қайталама нарықтан баспана алушылардың негізгі мәселесі шешілмей қалды, – деді сарапшы.

Осылайша, жаңа шарттар банк серіктестерінен пәтер сатып алатындарға тиімді. Ал қалған азаматтар аралық несиені бұрынғы ережелер бойынша рәсімдеуге мәжбүр болады.