×
$
450.69
€
505.04
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.69
€
505.04
₽
5.45

Коммуналдық төлемді өзіміз төлейміз: депутаттар мемлекеттік пәтерден бас тартуға дайын ба

Бүгін, 13:08
Коммуналдық төлемді өзіміз төлейміз: депутаттар мемлекеттік пәтерден бас тартуға дайын ба
Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz тілшісі Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубайдан жағдайы жақсы Құрылтай мүшелері қызметтік баспана мен көліктен бас тартуға дайын ба деп сұрады.

Депутаттарға арналған пәтерлер

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекет бюджет қаражаты ең әуелі мұқтаж отбасыларға берілуі үшін олардың материалдық жағдайын ескеруді жоспарлап отыр. Осы орайда депутаттардың өздері де осындай қағиданы ұстануға дайын ба деген сауал туындайды.

Өңірлерден келген депутаттарға Астанадан қызметтік пәтер беріледі. Бұдан бөлек, олар қызметтік көлікті пайдалана алады.

Наурыз Сайлаубай бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.

– Қазір сайланған 145 депутаттың арасында өңірлерден келгендер бар. Олардың Астанада баспанасы болмауы мүмкін. Бұл пәтерлер депутаттар жұмыс орнына жақын тұруы үшін берілген. Ал көлікке келсек, қазір ол тек бір жерден екінші жерге жету үшін пайдаланылады. Көлік шақырып, қажетті жерге барасыз да, кейін оны босатасыз. Ол сізді күтіп тұрмайды. Сондықтан артық шығын жоқ деп айта аламын, – деді депутат.

«Коммуналдық төлемді өзіміз төлейміз»

Біз табысы жеткілікті депутаттар Астанадан баспананы өз қаражатына жалдай ала ма деп нақтыладық. Сайлаубай әріптестерінің атынан жауап бере алмайтынын айтты. Өзі мемлекет берген пәтерде тұрады.

Одан қызметтік баспанадан бас тартуға дайын ба деп сұрағанда, депутат коммуналдық төлемдерге тоқталды.

– Коммуналдық қызмет ақысын өзіміз төлейміз. Қыста шамамен 45-60 мың теңге шығады. Оны мемлекет төлемейді. Сегізінші шақырылымдағы Мәжілісте жұмыс істеген кезімде маған үш бөлмелі пәтер берілді, сол жерде тұрдым. Өкілетім аяқталған соң пәтерді қайтардым. Егер пәтердегі бір нәрсені бүлдірсем, оны қалпына келтіруге міндеттімін, – деді Сайлаубай.

Депутаттарға арналған пәтерлер Астананың Есіл ауданындағы сол жағалауда орналасқан «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл – Астананың үкіметтік ғимараттар мен іскерлік орталықтар шоғырланған беделді бөлігі.

Кешен Қонаев, Орынбор, Достық және Түркістан көшелерінің аралығында орналасқан. Мұндағы пәтерлерден «Бәйтерек» монументі мен Министрліктер үйіне дейінгі қашықтық небәрі 600-900 метр.

Контекст

Еске салайық, 2027 жылдан бастап Үкімет әлеуметтік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Отбасылар табыс деңгейіне қарай бес санатқа бөлінеді.

А және В санаттарына жатқызылған азаматтар кейбір мемлекеттік төлемдерді ала алмайды. Үкіметтің есебінше, жаңа тәртіп 2027 жылы 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.