Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтар отбасына оралды. Алайда олардың оқиғасы мұнымен аяқталмауы мүмкін. Ulysmedia.kz тілшісі адвокат Мейірман Шекеевпен кездесіп, жігіттерді елге қалай қайтарғанын, қанша адам оралғанын және оларға қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін бе деген сұрақтарға жауап алды.
Ата-аналары ұлдарын күтіп алды
Қазақстандықтар елге екі топпен оралды. Төртеуі кеше кешкі сағат бестер шамасында жетсе, қалғаны бүгін таңғы сағат төрттер шамасында ұшақтан түсті. Әуежайларда оларды бірнеше апта бойы балаларын елге қайтаруға күш салған ата-аналары күтіп алды.
Елге оралғандардың арасында шымкенттік Айнабек Келдебек те бар. Жақындары оны көздеріне жас алып қарсы алды. Бұған дейін Айнабек Ресейде жүрген басқа қазақстандықтармен бірге видеоүндеу жолдаған еді. Жас жігіттер көрші елге күзетші болып жұмыс істеуге барғанын, бірақ уәде етілген жұмыстың орнына майданға тап болғанын айтқан.
Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, сол бейнеүндеудегі жігіттердің бәрі елге оралған. Олардың ең кішісі 18 жаста болса, үлкені 24-те.
Енді оларды не күтіп тұр?
Енді елге оралған азаматтарды соғысқа қатысқаны үшін жауапқа тартуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда Мейірман Шекеев бұл жігіттердің жағдайын жеке қарастыру қажет деп есептейді. Оның сөзінше, олар соғысуға ниеттенбеген, алдау салдарынан ұрыс аймағына тап болған.
– Балалар көп стресс алған. Соғыс шебінде жүріп, балалардың психологиясы кішкене бәрі деп айта алмаймын бір екеуінің психологиясы өзгергенін өзгергенін байқадым. Оны олардың ата-аналары да айтып отыр. Негізі өзге елдің қатысу, араласу бізде қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Егер ол саналы түрде барса деп көрсетілген заңда. Бірақ олардың жағдайында олай бармаған деп есептеймін. Балалардың әрекетіне тиісті әділетті құқықтық бағаны құқық қорғау органдары береді, – деді адвокат.
Елге оралуы олардың құқықтық мәселелері толық шешілді дегенді білдірмейді. Жігіттердің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны құқық қорғау органдары береді.
Келіссөздер жалғасып жатыр
Қазан айының басында жігіттердің аналары Астанаға келіп, ұлдарын елге қайтаруға көмектесуді сұрап, Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Туыстарының айтуынша, жігіттерге Ресейде күзетші болып жұмыс істеуге уәде берілген. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін ұсынылған келісімшарттардың әскери қызметке қатысты екені белгілі болған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына дипломатиялық нота жолдады. Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер әлі де жалғасып жатыр. Өзге қазақстандықтардың да елге оралуы мүмкін.