×
$
448.98
€
502.45
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.98
€
502.45
₽
5.45

Бензин 300 теңгеден аса ма? Министр сарапшылар болжамына пікір білдірді

Бүгін, 13:10
Бензин 300 теңгеден аса ма? Министр сарапшылар болжамына пікір білдірді

Кейбір сарапшылардың болжамынша, 2027 жылдың соңына қарай Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 300 теңгеден, ал дизель отынының литрі 400 теңгеден асады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұндай сценарийдің қаншалықты шындыққа жанасатынын бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бензин неге қымбаттауы мүмкін?

Журналистердің айтуынша, сарапшылар бензин мен дизель отынының қымбаттауын Қазақстандағы жанармай бағасын көршілес мемлекеттердегі деңгеймен теңестіру қажеттілігімен байланыстырады. Бұған қоса, мұнай өңдеу, тасымалдау, өндірістік қуаттарды күтіп ұстау шығындарының өсуі және мұнай өндіру саласына инвестиция тарту қажеттілігі де бағаға әсер етуі мүмкін.

– Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасады. Мемлекет көтерме де, бөлшек те бағаны реттемейді. Біз бұл тәжірибеден 2024 жылғы ақпанда бас тарттық. Содан бері нарықтық баға қолданылады, – деп атап өтті энергетика министрі.

Жанармай бағасы қанша болады?

Ал Ерлан Ақкенженов бір жылдан кейін бензин мен дизель отыны қанша тұратыны туралы болжам жасаудан бас тартты.

– Шынымды айтсам, болжам жасау – оңай шаруа емес. Қазір бензин мен дизель отынының қандай баға аралығында сатылып жатқанын айта аламын, ал қорытындыны өздеріңіз шығара беріңіздер. Қазір АИ-92 маркалы бензин 253-271 теңгеден, дизель отыны 356-367 теңгеден сатылып жатыр. Көріп отырғандарыңыздай, жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы айтарлықтай, – деді министр.

Оның пікірінше, бағадағы мұндай айырмашылық жанар-жағармай нарығында еркін баға қалыптасатынын тағы бір мәрте көрсетеді.

Сонымен қатар Ақкенженов жанармай бағасының шектен тыс қымбаттауына жол берілмейтінін айтты.

– Егер баға күрт өссе, мемлекет оны тежеу үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Ол үшін бізде барлық құрал бар. Біріншіден, елде жанармай қоры жеткілікті. Әр өнім түрінен 400 мың тоннадан астам қор бар. Сондай-ақ барлық мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп, отын жөнелту қалыпты тәртіппен жүргізіліп жатыр. Алыпсатарлық сұраныс тудыратындай ешқандай жағдай жоқ, – деп сендірді Ерлан Ақкенженов.

Контекст

Дегенмен бензин мен дизель отынының қымбаттауына негіз болатын факторлар да бар. Бұған дейін жанармайдың ірі жеткізушілері – «ҚазМұнайГаз» бен «КС Energy» қараша айында дизель отыны мен АИ-92 маркалы бензиннің көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге көтеруді жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Сізге қызық болуы мүмкін