×
$
444.76
€
495.37
₽
5.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.76
€
495.37
₽
5.37

Қазақстан банктері долларды жаппай сатып алды

Бүгін, 09:47
Қазақстан банктері долларды жаппай сатып алды
Ulysmedia коллажы

Қазан айында банктер америкалық валютамен биржадан тыс нарықта рекордтық көлемде сауда жасады. Бір айда олар 40,8 млрд доллар сатып алып, соған жуық көлемде валюта сатты. Мұндай көрсеткіш кемінде 2015 жылдан бері тіркелмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Доллар саудасы рекорд жаңартты

Бірінші кредиттік бюроның Ұлттық банк статистикасына негізделген деректеріне сәйкес, доллар сатып алу көлемі 18,3 трлн теңгеге жеткен. Ал сату көлемі 40,7 млрд доллар немесе 18,2 трлн теңге болды.

Қыркүйек айында банктер 40,6 млрд долларға америкалық валюта сатып алған. Осылайша, доллар сатып алу көлемі екінші ай қатарынан 40 млрд доллардан асты. Ал сату көлемі бақылау басталған кейінгі 12 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет осы межеден өтті.

Бір қызығы, мәмілелердің басым бөлігі шетелдік банктердің үлесіне тиесілі. Сатушылар мен сатып алушылар арасында олардың үлесі 86 пайызға жеткен. Қазақстандық банктердің үлесі небәрі 14 пайыз болды.

Валюта нарығындағы белсенділік бір жылдан бері жоғары

Доллар саудасындағы белсенділік 2025 жылғы қазаннан бері, яғни 13 ай қатарынан жалғасып келеді. Осы кезеңде ай сайынғы операциялардың орташа көлемі 34,8 млрд доллар болған.

Басқа валюталарға да сұраныс жоғары. Рубльмен жасалатын мәмілелер 2024 жылдың екінші жартысынан бері жоғары деңгейде сақталып келеді. Еуро саудасы да қызу: соңғы 19 айдың 17-сінде мәмілелер көлемі әдеттегіден жоғары болған. Дегенмен екі валюта бойынша да бұрынғы рекордтық көрсеткіштерге жеткен жоқ.

Ал қазанда юаньмен жасалған сауда көлемі мардымсыз болды. Сарапшылар Bloomberg дереккөздерінің болжамына назар аударған. Олардың айтуынша, шетелдік клиенттердің мүддесі үшін жасалатын кейбір операциялар Қытай валютасымен, теңгені қатыстырмай жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда олар аталған статистикаға енбейді.

Доллармен жасалатын мәмілелердің жоғары көлемі қор биржасында да байқалады. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, мұндай белсенділік былтыр қазан айынан бері сақталып келеді.

Сізге қызық болуы мүмкін