Бүгін Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресі өтіп жатыр. Жиында банк секторының болашағы, бизнесті несиелендіру және экономиканы қаржыландырудың жаңа көздері талқылануда. Қазақстан нарығында БАӘ-нің тағы бір әмбебап банкі пайда болды, KASE блокчейн технологиясын енгізіп жатыр, ал қаржы реттеушілері зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасының шарттарын қайта қарауды ұсынып отыр. Ulysmedia.kz тілшісі елдің қаржы секторында қандай өзгерістер күтілетінін тыңдап қайтты.
Қазақстанда банктердің бизнесті, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға қатысуын кеңейту шаралары талқыланып жатыр. Бұл туралы конгресте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Сүлейменовтің сөзінше, реттеушілер кәсіпорындарды несиелендіруді банктер үшін тиімдірек ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, бизнесті несиелендіруден түсетін табысқа салық салу тәртібін өзгерту және пруденциялық талаптарды қайта қарау мәселелері қарастырылуда.
«Біз артық өтімділікті азайту, ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру және банктерді экономиканы несиелендіруге ынталандыру үшін ең төменгі резервтік талаптарды қайта қарадық. Яғни пассивті табыс табу мүмкіндігін, өзіміз айтатындай, “жалқау табысты” азайтуды көздеп отырмыз. Банктердің белсенді түрде несие бергенін қалаймыз», – деді Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысының мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында банктер бизнеске 16,6 трлн теңге көлемінде жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға көп. Шағын және орта бизнесті несиелендіру көлемі 7,6 трлн теңгеге жетіп, 41,7%-ға өскен. Алайда ШОБ-қа берілген несиелердің едәуір бөлігі сауда саласына тиесілі – 50,1%. Өңдеу өнеркәсібіне 18%, құрылыс саласына 6,6% бағытталған.
Ұлттық банк төрағасы банк жүйесінің жағдайын да тұрақты деп бағалады.
«Біздің банк жүйеміз сау, тұрақты және одан әрі өсуге дайын», – деді Сүлейменов.
Конгресс аясында Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) тобының Қазақстандағы еншілес құрылымына әмбебап банк лицензиясы берілгені де белгілі болды. Бұған дейін топ Қазақстанда бұрынғы Al Hilal ислам банкі арқылы жұмыс істеген. Жаңа лицензия еншілес банкке дәстүрлі банк қызметтерін көрсетуге, сондай-ақ «исламдық терезе» тетігі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуға мүмкіндік береді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, шетелдік банктерді тарту бәсекелестікті дамытуға, нақты секторды несиелендіруді кеңейтуге және бизнес пен халыққа ұсынылатын қаржы қызметтерінің таңдауын арттыруға ықпал етуі тиіс.

ADCB – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі банктердің бірі. Оның негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне тиесілі Mubadala Investment Company инвестициялық компаниясы.
Осылайша, жаңа әмбебап банктің пайда болуы Қазақстанның банк секторындағы халықаралық капиталдың қатысуын кеңейтеді. Клиенттер үшін бұл дәстүрлі банк өнімдері мен исламдық қаржыландыру құралдарының арасынан таңдау мүмкіндігін арттыруы мүмкін.
Конгресте ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ұзақ мерзімді капитал тарту мәселесі де талқыланды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты есебінен экономиканы қаржыландыру бағдарламасының шарттарын жетілдіруді ұсынды. Оның айтуынша, бұл банктердің ұзақ мерзімді капитал тарту мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Ол сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бастамасын қаржыландыру мәселесіне тоқталды.
«Банктер экономиканың ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын жобаларды қаржыландыруда негізгі серіктеске айналуы тиіс», – деп атап өтті Әбілқасымова.

Қарастырылып жатқан тетіктердің бірі – энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға берілетін несиелер бойынша болашақ реттелетін кірістерді кепіл ретінде пайдалану мүмкіндігі.
Бұдан бөлек, бірнеше банктің бірлесіп ірі жобаларды қаржыландыруына мүмкіндік беретін жобалық және синдикатталған несиелеуді дамыту, сондай-ақ нақты инвестициялық бастамаларға арналған облигациялар шығару мәселелері талқылануда.
Сонымен қатар Әбілқасымова «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігін сақтауды және мемлекеттік қолдауды басым инвестициялық жобаларға бағыттауды ұсынды.
Қаржы секторындағы тағы бір өзгеріс – қор нарығын цифрландыру. Қазақстан қор биржасы KASE Solana блокчейн желісінің негізінде цифрлық инфрақұрылымды дамытып жатыр.
Жаңа құралдардың бірі – Ұлттық банктің токенделген қысқа мерзімді ноталары. Реттеуші жалпы көлемі 50 млрд теңге болатын ноталар шығарылымы аясында 10 млрд теңгенің бағалы қағаздарын цифрлық форматта орналастырды.

Ноталардың айналыс мерзімі – 91 күн, орташа алынған кірістілігі жылдық 15,72%. Бұл криптовалюта шығару емес, дәстүрлі борыштық қаржы құралдарын цифрлық форматта орналастыру туралы болып отыр. Блокчейн технологиясын пайдалану бағалы қағаздарға меншік құқығын цифрлық инфрақұрылымда есепке алуға мүмкіндік береді.
Мұндай құралдарды дамыту қор нарығын жаңғырту және қаржылық операцияларды жүргізу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Осылайша, конгресте Қазақстанның қаржы секторын дамытудың бірнеше бағыты талқыланды. Олар – бизнесті несиелендіруді кеңейту, шетелдік банктерді тарту, инвестициялық жобаларға ұзақ мерзімді қаржы іздеу және қор нарығына цифрлық құралдарды енгізу. Бастамалардың бір бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатса, енді бірі әлі де талқылау және пысықтау сатысында.