×
$
444.3
€
490.91
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.3
€
490.91
₽
5.41

Бай-бағланның жемсауыты, инвестордың уайымы: «Самұрық-Қазынаны» не күтіп тұр

Бүгін, 11:40
Бай-бағланның жемсауыты, инвестордың уайымы: «Самұрық-Қазынаны» не күтіп тұр
Ulysmedia.kz коллажы

Осы аптада Астананың қақ ортасында болған оқиға қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік ақпарат құралдарын да дүр сілкіндірді. Елордадағы элиталық тұрғын үй кешенінің терезесінен ішіне бума-бума доллар салынған бірнеше шабадан лақтырылды. Арада бірнеше сағат өткенде арнаулы қызмет өкілдері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен қордың еншілес ұйымы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталғанын хабарлады.

Ulysmedia тілшісі әлем назарын аударған бұл оқиғаның инвесторлардың көңіл-күйіне қалай әсер ететінін және квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты түбегейлі жою үшін қандай шаралар қажет екенін анықтап көрді.

Инвесторлар қаржысын қайтарып ала ала ма?

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры – еліміздегі ірі ұлттық компаниялардың акцияларына иелік етіп, олардың қызметін басқаратын мемлекеттік холдинг. Қордың құрамына «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» және басқа да маңызды кәсіпорындар кіреді. Қор активтерінің жалпы құны 46 триллион теңгеге жетсе, былтырғы түсімі 19,1 триллион теңге болған.

Соңғы жылдары қор қарамағындағы компаниялардың дамуына инвестиция тартуды күшейтті. Бұл үшін қарыз қаражаты мен облигациялар шығаруды да пайдаланып келеді. Мұндай бағалы қағаздарды сатып алған инвесторларға қарызды пайызымен қайтару міндеттеледі.

Қаржыгер, QAMS миноритар акционерлер қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуынша, қор басшыларының ұсталғаны кейбір инвесторлар үшін, әсіресе бағалы қағаз иелері үшін күтпеген жағдай болды. Қазір олар белгісіздік жағдайында отыр. Өйткені мемлекет бұдан кейін қандай қадамға баратыны әзірге белгісіз.

– Бір жағынан, басшылардың ұсталуы мемлекеттің жемқорлықпен күресіп жатқанын көрсететін оң белгі. Екінші жағынан, бұл қазіргі және болашақ инвесторларға, ең алдымен бағалы қағаз иелеріне ой салуы керек. Бұл жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін бақылау қажет. Қайталаймын, бізге белгілісі – адамдардың ұсталғаны ғана. Ал мемлекеттің бұдан кейін қандай әрекетке баратыны одан да маңызды. Әсіресе бұл инвесторлардың, соның ішінде борыштық бағалы қағаз иелерінің мүддесіне қалай әсер ететініне назар аудару керек, – деді ол.

Сарапшы бұл мәселені қарапайым тілмен түсіндірі: Ұлттық компаниялар облигация шығарғанда, қарыз алу шарттарын алдын ала құжатта көрсетеді. Сол шарттардың ішінде ковенанттар, яғни белгілі бір талаптар болады. Егер компания сол талаптарды бұзса, инвесторлар қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы. Мұндай талаптардың бірі төтенше жағдайға байланысты компания басшылығының ауысуына қатысты болуы мүмкін.

– Облигациялардың шығарылым проспектілерін қарап, «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-ның бағалы қағаздарына қатысты құжаттарда басшылықтың теріс әрекеті немесе қылмыстық қудалау салдарынан қызметінен кетуіне байланысты осындай талаптардың бар-жоғын тексеру керек, – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, қазір қордың болашағына қатысты да үлкен сұрақ туындап отыр.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі қордың тиімділігін бағалау қажет екенін, тіпті «Самұрық-Қазынаның» таратылуы мүмкін екенін айтқан. Борыштық бағалы қағаздарды ұстаушылар қордың ұйымдық құрылымына қатысты мемлекет қандай шешім қабылдайтынын білмей отыр. Инвесторларды алаңдататын қадамдар жасалмай ма деген қауіп бар, – деді Данияр Темірбаев.

«Премьер-министр директорлар кеңесінен шығуы керек»

Ulysmedia тілшісі қор жұмысына бірнеше жылдан бері сын айтып жүрген қоғам қайраткері, Халық кеңесінің мүшесі, бұрынғы депутат Мұрат Әбеновпен де сөйлесті. Оның пікірінше, қор құрылымында бірқатар кемшілік пен қайшылық бар. Соның бірі – премьер-министрдің директорлар кеңесіне мүше болуы.

Әбенов мұны мүдделер қақтығысы деп санайды. Өйткені «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері саналатын үкімет қордың жұмысын сырттай бақылаудың орнына, оның қызметі туралы өзіне-өзі есеп беретін жағдай қалыптасқан.

– Қор жұмысына қатысты күрделі сұрақтар туындағанда, үкімет директорлар кеңесінің қалай жұмыс істегенін бағалауы керек. Кеңес қандай тәуекелдерді ескерді, қандай ескертулер алды, нені түзетуді талап етті? Бірақ директорлар кеңесінің төрағасы – үкімет басшысының өзі. Демек, ол өзі басқаратын органның жұмысын да өзі бағалауға мәжбүр.

Мен директорлар кеңесінің төрағасы болу басқа басшы жасаған қылмысқа автоматты түрде кінәлі етеді деп отырған жоқпын. Бірақ бұл қызмет адамның бақылау міндетін қаншалықты атқарғаны үшін жауап беруін де көздейді. Мұны қылмыстық тергеуден бөлек бағалау қажет. Егер төрағалық нақты өкілеттік болса, онда бақылаудың сапасына жауап беру керек. Ал бұл тек атақ үшін берілген лауазым болса, мұндай құрылымды сақтаудың қажеті қанша?

Сондықтан Олжас Бектеновке қордың директорлар кеңесінен шығу және осыған қажетті өзгерістерді бастау туралы ұсыныс айтқым келеді. Кеңесті бұл жұмыспен толыққанды айналыса алатын кәсіби әрі тәуелсіз төраға басқаруы керек. Премьер-министр одан есеп талап етуге тиіс, өзіне өзі есеп бермеуі керек, – деді ол.

Әбеновтің айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) да мемлекеттік кәсіпорындардың директорлар кеңесіне үкімет басшылары мен министрлерді қоспауға кеңес береді. Өйткені бұл олардың тәуелсіз шешім қабылдауына күмән тудыруы мүмкін.

– Әр ұлттық компанияның директорлар кеңесінен кәсіби даярлығы бар азаматтық қоғам өкіліне кемінде бір орын беруді ұсынамын, – деді ол.

Қоғамдық бақылауды қайтару керек

Мұрат Әбенов 2012 жылы қабылданған «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңды да қатаң сынға алды.

Бұл құжат «Самұрық-Қазынаға» сатып алу рәсімдеріне қатысты бөлек тәртіп белгіледі. Соның арқасында қор өз компанияларының тауарлар мен қызмет жеткізушілерін таңдау ережелерінің басым бөлігін өзі бекітеді. Бұған қоса, заң бойынша, заңда және президент актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, үкімет қордың күнделікті жұмысына араласа алмайды.

Арада 11 жыл өткен соң, 2023 жылы «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Алайда ол қордың шешімдерін тұтастай бақылауға мүмкіндік беретін тетік қарастырмайды және «Самұрық-Қазынаның» барлық ірі сатып алуына жүрмейді.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, Құрылтай қордың осындай артықшылықтарын қайта қарауы керек. Ол «Самұрық-Қазына» тобының күнделікті сатып алуларын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға бағындырып, қордың ірі шығындарын қоғам бақылауына беруді ұсынады.

– Құпия саналмайтын ірі жобалар туралы ақпаратты жариялаудың бірыңғай тәртібін енгізу керек. Азаматтар жобаның бастапқы құнын, мердігерді және оның түпкі иелерін, келісімшартқа енгізілген өзгерістерді, жұмыс мерзімін, төлемдер мен қабылдау нәтижелерін, тексеру қорытындыларын көре алуы керек.

Директорлар кеңесінің маңызды шешімдері бойынша жариялауға болатын дауыс беру нәтижелері мен мүдделер қақтығысы туралы ақпарат та ашық болуы қажет. Бір-бірінен бөлек жатқан ондаған құжаттың орнына, кім ұсыныс жасады, кім мақұлдады, қанша ақша төленді және оның орнына не алынды деген сұрақтарға жауап беретін түсінікті мәлімет болуы керек.

Оңтүстік Кореяның мемлекеттік инвестициялық корпорациясы KIC ALIO жүйесі арқылы директорлар кеңесінің хаттамаларын, ішкі аудит нәтижелері мен сыртқы бақылау қорытындыларын жариялап отырады, – деді ол.

Әбеновтің айтуынша, ұлттық компания үшін жабықтық артықшылық болмауға тиіс. Қоғамның наразылығын түсінуге болады. Ұлттық әл-ауқат қоры олигархтар мен билікке жақын адамдардың табыс  көзіне айналмауы керек. Оның ерекше мәртебесі де қоғамның заңды сұрақтарына жауап беруден жалтаруға мүмкіндік бермеуге тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін