Ресей президенті Владимир Путин мен Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен АТЭС саммитінде кездесті. Бұл – екі ел басшысының 2019 жылдан бергі алғашқы жеке кездесуі. Мәскеу мен Токио арасындағы қарым-қатынас шиеленіскеніне қарамастан, тараптар байланысты жалғастыруға келісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесу туралы не белгілі
Кездесу 18 қараша күні кешке саммитке қатысушыларға арналған салтанатты қабылдаудан кейін өтті. Әңгіме шамамен жарты сағатқа созылды.
Санаэ Такаичи Ресейде тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған жапондық журналистің мәселесін көтерді. Сондай-ақ Japan Tobacco жапон компаниясының Ресейдегі активтерінің ресейлік компанияның басқаруына берілуі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әртүрлі деңгейде байланыс орнатуды жалғастыруға келісті.
Кездесу алдындағы жағдай
Мәскеу мен Токио Оңтүстік Куриль аралдарының қай елге қарайтыны жөнінде ұзақ уақыттан бері келісе алмай келеді. Тамыз айында Владимир Путиннің Жапония өз аумағы деп санайтын Итуруп аралына баруы екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі ушықтырды. Бұған қоса, Токио Ресейдің даулы аралдар маңында зымыран сынақтарын өткізетіні туралы мәлімдемесіне наразылық білдірді.
17 қарашада тағы бір келіспеушілік туындады. Жапония Ресейдің екі әскери ұшағы өз әуе кеңістігін бұзғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде жапондық жойғыш ұшақтар әуеге көтеріліп, Мәскеуге наразылық нотасы жолданды.
Украинадағы соғыс та екі ел арасындағы қарым-қатынасты ушықтырды. Жапония Ресейге қарсы санкцияларға қосылды. Бұған байланысты Мәскеу Токионың ұстанымын Ресейге қарсы бағытталған саясат деп санайды.
Ресей мен Жапония басшыларының бұған дейінгі жеке кездесуі 2019 жылы өткен. Сол кезде Владимир Путин Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэмен келіссөз жүргізген.