6 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ЖСН алуға өтініш берген шетелдіктер иммигранттардың дерекқоры арқылы қосымша тексеруден өтеді. Құжаттардағы қателерді түзетуге небәрі екі сағат уақыт беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тиісті бұйрыққа ішкі істер министрі 23 қарашада қол қойған. Өзгерістер Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты.
ЖСН рәсімдеу кезінде қызметкерлер өтініш берушілер туралы мәліметтерді иммигранттардың эталондық дерекқорымен салыстырады. Осы арқылы олардың елде болу ережелерін сақтағаны тексеріледі. Ал мемлекеттік шекараны кесіп өту фактісі «Бүркіт» жүйесі арқылы анықталады.
Қателерді түзетуге екі сағат беріледі
Егер өтініште қате анықталса немесе шетелдік құжаттардың толық топтамасын ұсынбаса, оның өтініші цифрлық күту парағына енгізіледі.
Бұған дейін құжаттардағы кемшіліктерді түзетуге бір жұмыс күнінен аспайтын мерзім берілетін. Енді бұл уақыт екі сағатқа дейін қысқарды.
Егер өтініш беруші белгіленген уақытта қателерді түзетіп үлгермесе, ХҚКО қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тартады. Бұл ретте шетелдікке бас тарту себебі түсіндірілуге тиіс.
ЖСН рәсімдеу қызметі бұрынғыдай тегін көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі – бір жұмыс күні.