×
$
458.85
€
503.5
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.85
€
503.5
₽
5.59

«Қаңтар оқиғасына себеп болған фильм»: бес жыл бұрынғы туынды неге қайтадан дау тудырды

Бүгін, 11:00
«Қаңтар оқиғасына себеп болған фильм»: бес жыл бұрынғы туынды неге қайтадан дау тудырды
Ulysmedia.kz коллажы

«Ирина Қайратовна» тобының бес жыл бұрын қоғамда резонанс тудырған «Отыздан асып барамын» фильмі әлеуметтік желіде қайта талқыланып жатыр. Оған Threads желісі қолданушыларының бірінің картинаны Қаңтар оқиғасына себеп болған туынды деп атауы себеп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 «БІР ФИЛЬМ БҮКІЛ ЕЛДІ КӨШЕГЕ ШЫҒАРА АЛМАЙДЫ»

Threads желісінде «Отыздан асып барамын» фильмі туралы пікірталас басталды. Қолданушылардың бірі картина кинотеатрға шыққан жағдайда жұртты дүр сілкіндіретінін жазған.

«Мына фильм кинотеатрға шыққанда шайқайтыны рас қой, иә?», - дейді @beqallin никнеймді қолданушы.

Оған жауап берген тағы бір қолданушы фильмді «Қаңтар оқиғасына себеп болған фильм» деп атады. «Осыдан кейін ғой халық көтеріліп кеткені», «Зор шайқайтын еді, әттең, кинотеатрға шықпағаны өкінішті» деп желідегілердің бір тобы бұл пікірді қолдай жөнелді. Ал екінші топ бұл пайыммен келіспейді.

«Қаңтар оқиғасы биліктегілер мен кәсіпкерлердің ашкөздігінен(газ бағасын негізсіз көтеру) және ескі Қазақстан өкілдерінің билікті уысынан шығарғысы келмей, сол сәтті пайдаланып кеткісі келгенінен болды. Кино жай сәйкес келіп қалды сол тұсқа», – дейді қолданушылардың бірі.   

Қызу талқыға фильм режиссері Қуаныш Бейсеков те араласып, Қаңтар оқиғасының себебін кинодан іздеуге болмайтынын айтты. Ол туындының қалай түсірілгенін, қаржы қайдан келгенін және неге кинотеатрға шықпағанын да түсіндірді.

«Қаңтар оқиғасы фильмнен емес, халықтың тұрмысынан, кедейліктен шаршағанынан шықты. Бір фильм бүкіл елді көшеге шығара алмайды. Ақшаны кәсіпкерлерден қарызға алдық, келесі жыл бойы қайтардық. Қаңтар ісі бойынша тергеуден де өттік, ақшаның қайдан келгенін дәлелдедік. Кинотеатрда шықпауының себебі –  прокаттық куәлік бермес еді. Мұндай фильмдерге қазір де бермейді. Екі жақтан таланып ондай киноларға енді кірмеймін деп өзіме сөз бергем», – дейді режиссер.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫН БІР АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ АРҚЫЛЫ КӨРСЕТКЕН ФИЛЬМ

«Отыздан асып барамын» фильмі 2021 жылы YouTube желісінде жарық көрді. Туынды Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Фильмнің режиссері –  Қуаныш Бейсеков, басты рөлді «Ирина Қайратовна» тобының мүшесі Алдияр Жапарханов сомдады.

Картинаның негізгі кейіпкері –  Қазақстан тәуелсіздік алған күні, 1991 жылғы 16 желтоқсанда дүниеге келген Азат есімді жігіт. Оның өмір жолы елдің отыз жылдық тарихымен қатар өрбиді. Кейіпкердің балалық шағы, есейіп, отбасын құруы арқылы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістері баяндалады.

Фильмде тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар, Мұстафа Өзтүріктің қазасы, астананың Ақмолаға көшірілуі, Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі, Жаңаөзен оқиғасы, Шаңырақ оқиғасы және пандемия кезеңі қамтылған. Туындының мақсаты ел тарихындағы маңызды оқиғаларды бір адамның тағдырымен байланыстырып көрсету болған. Фильмде тарихи оқиғалар көркем сюжеттен гөрі публицистикалық шолу түрінде берілген.

КӨРЕРМЕН ТУЫНДЫНЫ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

«Отыздан асып барамын» жарық көрген бойда көрермен назарын аударды. Фильм бір күннің ішінде 1,7 миллионнан астам қаралым жинап, пікір қалдырғандар саны 17 мыңнан асып жығылды. Ал бес күн ішінде қаралымы 4,6 миллионнан асып, фильм YouTube трендінен түспеген. Бүгінгі күнге дейін туынды  11 миллионнан астам мәрте көрілген.

Фильм жарыққа шыққанда көрермендердің басым бөлігі түсірілім тобына алғыс айтып, картинаны елдің тәуелсіздік жылдарындағы бейресми шежіресі ретінде бағалады. Журналист Нұрмұхамед Байғараев фильмді «елдің бейресми хронологиясы» деп атап, онда халық жадында қалған ауыр оқиғалардың бірқатарын бірнеше кадрға сыйғызғанын жазды.

«47-минутта ұлт мұңын бірнеше кадрларға сыйдыра салыпты. Ядролық жарылыс, Желтоқсан оқиғасы, шахталардағы жарылыстар, Шымкентте жүзге жуық ана мен балаға ВИЧ жұқтыру, 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасында 24 жасар полицей Әсет Бейсеновті тұрғындардың тірідей өртеп жіберуі, тұлғалардың өлімі...» – деген еді ол.

Жазушы әрі журналист Қанат Тілеухан да фильмде Қазақстанның отыз жылдық тарихындағы маңызды саяси оқиғалар қамтылғанын атап өтті. Дегенмен ол картинаның көркемдік жағын сынға алып, оқиғалар тым төтесінен баяндалғанын айтты. Оның пікірінше, фильмнің көпшілікке ұнауының бір себебі – халықтың үгіт-насихаттан шаршауы және шынайы мәселелерді көргісі келуі.

Фильмді жақтағандар оның қоғамда ашық айтылмай жүрген тақырыптарды көтергенін бағаласа, сыншылар көркемдік деңгейіне көңілі толмаған.

Журналист Жандос Байділдә картинаны фильмнен гөрі ұзақ клипке ұқсатып, оқиғалардың үстірт қамтылғанын айтты. Қоғам белсендісі Дина Елгезек те фильмді қатаң сынға алды.

«Түк жоқ… Идея жоқ. Асығыс түсіре салынған. Толық көруге шыдамым жетпей, 10 минуттан соң өшіре салдым. Ащы шындық айтыла ма деген ой болған…Бірақ ақиқаттың ауылы алыстау екен. “Ирина Қайратовнаға” клип қана түсіру керек екен», – деп жазды ол.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ФИЛЬМНІҢ ЫҚПАЛЫ БОЛДЫ МА?

«Отыздан асып барамын» фильмі 2021 жылғы 19 желтоқсанда жарық көрді. Ал Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы 2022 жылғы 2 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылықтан басталды. Кейін шерулер елдің басқа өңірлеріне таралып, әлеуметтік-экономикалық талаптар саяси сипат алды.

Фильм мен Қаңтар оқиғасының арасында уақыт жағынан жақындық бары рас. Картинаның жарық көргеніне екі апта толмай жатып, елде жаппай наразылық басталды. Фильмде де тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік қиындықтар, саяси қайшылықтар мен халық жадында қалған оқиғалар көрсетілген.

Алайда уақыт жағынан жақын болуы екі оқиғаның арасында тікелей себеп-салдар байланысы бар екенін білдірмейді. Фильмнің Қаңтар оқиғасына себеп болғанын немесе халықты көшеге шығуға итермелегенін дәлелдейтін нақты дерек те жоқ. Халықтың көтерілуіне газ бағасының өсуі түрткі болғанымен, наразылықтың ауқымды сипат алуына ел тұрғындарының тұрмыс деңгейі, әлеуметтік теңсіздік, саяси өзгерістерге деген сұраныс және билікке сенім мәселелері де әсер еткен факторлар ретінде аталады.

«Отыздан асып барамын» сол кезеңдегі қоғамдық көңіл күймен үндесіп, тәуелсіздік жылдарындағы шешілмеген мәселелерді экранға шығарған туынды болуы мүмкін. Бірақ фильмді Қаңтар оқиғасының себебі деп көрсету оның күрделі әлеуметтік-саяси алғышарттарын бір ғана киноға телу болар еді.

Сізге қызық болуы мүмкін