×
$
458.85
€
503.5
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.85
€
503.5
₽
5.59

«Бір тоқсанның үй тапсырмасы түгел өшіп кеткен»: мұғалімдер BilimClass-тағы ақауға шағымданды

Бүгін, 12:15
«Бір тоқсанның үй тапсырмасы түгел өшіп кеткен»: мұғалімдер BilimClass-тағы ақауға шағымданды
gov.kz

Жұма күні таңертең қазақстандық кейбір мұғалімдер үшін жағымсыз жаңалықпен басталды. BilimClass электронды журналынан педагогтер тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары жоғалып кеткен. Енді олар барлық мәліметті қайта қолмен енгізуге тура келе ме деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналды қайта толтыруға тура келе ме?

Білім беру платформасының жұмысына қатысты шағымдар 27 қараша күні таңертең әлеуметтік желілерде пайда болды. Кейбір мұғалімдер қосымшаға кіре алмай жатса, енді бірі электронды журналда бұрын енгізген мәліметтерінің жоғалғанын байқаған.

– Осы жетіспей тұр еді. BilimClass жүйесіндегі ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмаларым өшіп қалыпты. Бір тоқсан бойы енгізген тапсырманың бәрі! Әріптестер, сіздерде де осындай жағдай ма? Бәрі қалпына келеді деп күтеміз бе, әлде тоқсанның басында қандай тапсырма бергенімізді еске түсіріп, қайта толтыруға кірісеміз бе? – деп жазды мұғалімдер.

Пікір қалдырған әріптестері де осындай мәселеге тап болғанын айтқан. Кейбірінің сөзінше, тіпті екі тоқсанның тапсырмалары бірдей жоғалып кеткен.

BilimClass жүйесіндегі ақау расталды

Платформаны әзірлеушілер техникалық ақау болғанын растап, пайдаланушылардан кешірім сұрады. Ақауға байланысты кейбір қолданушыларға қате хабарламалар мен ескертулер де келуі мүмкін.

– Сондай-ақ платформа жұмысында уақытша ақаулар болуы мүмкін. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болуы, сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі мүмкін, – делінген BilimClass хабарламасында.

Қазір мамандар ақауды жою жұмыстарымен айналысып жатыр.

Анықтама

BilimClass – қағаз күнделіктер мен мектеп журналдарының орнын басатын қазақстандық білім беру платформасы. Мұғалімдер бұл жүйеге оқушылардың бағаларын қойып, сабаққа қатысуын белгілейді және үй тапсырмаларын енгізеді. Ал оқушылар мен олардың ата-аналары оқу үлгерімі мен сабақ кестесін осы платформа арқылы бақылай алады.

Сізге қызық болуы мүмкін