Қазақстан әйелдер теннис құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина тарихи маусымнан кейін елге оралды. Алматы халықаралық әуежайында спортшыны жанкүйерлері мен жас теннисшілер салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Теннисшіні қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығымен қарсы алған көпшілік оны биылғы айтулы жетістіктерімен құттықтады. Әсіресе жас спортшылар даңқты теннисшімен жүздесіп, оның елге оралуына қуанды.

Тарихи маусым
2026 жыл Елена Рыбакина үшін кәсіби мансабындағы ең табысты маусым болды. Қазақстандық спортшы төрт турнирде жеңіске жетті. Оның екеуі – «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстар.
Жыл басында Рыбакина Australian Open турнирінің чемпионы атанса, қыркүйекте мансабында алғаш рет US Open додасында топ жарды. Екі жарыстың да финалында қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңді.
Бұдан бөлек, Елена Германияның Штутгарт және Қытайдың Нинбо қалаларында өткен WTA 500 санатындағы турнирлерде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Индиан-Уэллс пен Торонтодағы WTA 1000 жарыстарының финалына шықты. Маусым қорытындысы бойынша оның еншісінде 54 жеңіс бар.
14 қыркүйекте Рыбакина алғаш рет Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастады. Ол маусым соңына дейін бірінші орнын сақтап, күнтізбелік жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.

Осылайша, Елена Рыбакина Қазақстан теннисі тарихында мұндай жетістікке жеткен алғашқы спортшы атанды. Сонымен қатар ол WTA тарихында жылды әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде аяқтаған 17-теннисші болды.
Қазақстанда болған кезінде Рыбакина жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибесін бөліседі. Сондай-ақ отандық теннистің болашақ жұлдыздарымен кездеседі.