Қазақстандағы танымал басылымдардың бірі – «Караван» 2026 жылдың аяғында жұмысын біржола тоқтатуы мүмкін. Редакция қызметкерлеріне компанияның таратылуына байланысты еңбек шарттары бұзылатыны туралы ресми хабарлама берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz редакциясының қолына «Kazakhstan Today агенттігі» ЖШС-нің 2026 жылғы қарашада әзірленген хабарламасы түскен. Құжатта компанияның таратылуына байланысты қызметкермен жасалған еңбек шарты 2026 жылғы 31 желтоқсанда мерзімінен бұрын бұзылатыны көрсетілген.
«Еңбек шартының бұзылатын күні – 2026 жылғы 31 желтоқсан. Серіктестіктің таратылуына байланысты еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Caravan.kz журналисі Римма Гахова редакция ұжымына басылымның жабылатыны хабарланғанын жазған еді.
«Кеше бізге компанияның таратылатыны хабарланды. 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейміз. Осымен болды. Тарих аяқталды», – деп жазды журналист.
«Караван» жай ғана газет немесе басылым емес, қазақстандықтардың басым бөлігіне таныс, өзіндік қолтаңбасы мен тарихы бар, елдің ақпарат кеңістігінде айрықша орын алған басылым еді.
Газеттің алғашқы саны 1991 жылғы 2 тамызда, Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып жарық көрген. Басылымның негізін журналист әрі кәсіпкер Борис Гиллер қалаған.
«Караван» елдегі алғашқы коммерциялық апталық газет ретінде оқырмандар арасында тез танымал болды. Алғашқы жылдары таралымы 50 мың дана шамасында болса, танымалдылығы артқан тұста 225–300 мың данаға дейін жеткен.
Уақыт өте келе «Караванның» айналасында басқа басылымдар, радио және КТК телеарнасы кіретін ірі медиахолдинг қалыптасты.
1998 жылы Борис Гиллер өзінің медиаактивтерін сатты. Кейін басылым Дариға Назарбаева мен оның сол кездегі жұбайы Рахат Әлиевке қатысы бар құрылымдардың бақылауына өтті.
2000-жылдары газет «Алма-медиа» холдингінің құрамында болды. 2007 жылы Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы жанжалдан кейін медиаактивтер қайта құрылымдалды.
Кейін «Караванның» құрылтайшысы «Kazakhstan Today агенттігі» ЖШС болды.
Газеттің қағаз нұсқасы 2022 жылы шығуын тоқтатты. Бұған баспа шығындарының өтелмеуі мен таралымның азаюы себеп болған. Газеттің соңғы саны 2022 жылғы тамызда жарық көрді. Содан бері редакция Caravan.kz сайты арқылы жұмысын жалғастырып келді.
«Караван» жабылса, қазақ журналистикасы тағы бір байырғы басылымынан айырылуы мүмкін. Кейінгі жылдары елімізде бірнеше танымал басылым жұмысын тоқтатты.
2026 жылғы қыркүйекте Orda.kz басылымының құрылтайшысы Мақсат Ғаниев жобаның жабылатынын мәлімдеді. Ол алты жылға жуық жұмыс істеген басылым өзін-өзі ақтамағанын себеп ретінде атады.
Бұған дейін елдегі ең байырғы басылымдардың бірі – «Экспресс К» да медиа нарығынан кеткен еді. 2021 жылы газеттің қағаз нұсқасы шығуын тоқтатса, 2023 жылы сайты жабылды.
Ал 2025 жылғы ақпанда «Курсив» басылымы қағаз нұсқасынан бас тартып, толығымен онлайн форматқа көшті.