×
491.71
529.97
5.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.71
529.97
5.05

416 млн теңге ұрланған: «A-Parking» ісі бойынша үкім шықты

06.03.2023, 16:26
416 млн теңге ұрланған: «A-Parking» ісі бойынша үкім шықты
фото: ашық дереккөзден

Алмалы аудандық сотында Алматы автотұрақтарының бұрынғы иелері Мұхтар Базарбаев пен Марат Пірінбековке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тергеу және сот талқылаулары барысында "A-Parking" ЖШС бұрынғы директоры Марат Пірінбеков 225 630 072 теңге сомасында аса ірі мөлшерде ақша қаражатын иемдену және ысырап ету жолымен ұрлағанын дәлелдеді.

Бұл ақша компанияның шотына автотұрақ ақысынан түскен.

Ал компанияның бұрынғы бас директоры Мұхтар Базарбаев 190 078 778 теңге жымқырған. 

"Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекет жалпы сомасы 436 040 706 теңге "А" ЖШС және "П" ЖШС қызметінің нәтижелері бойынша алынған пайданың 30% мөлшерінде дивидендтер алмаған", - деп хабарлады сот.

Жалған мәмілелер есебінен 391 миллион теңгеден астам қаражат заңдастырылды. Сотталушылар өз кінәсін мойындамады.

"Қылмыстың әрбір қатысушысының қылмыстық рөлін, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот сотталушы Пірінбековке бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы Базарбаев 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында келтірілген залалдың толық көлемде өтелгенін мәлім етті.

Бас фигурант және қылмысты ұйымдастырушы Боранбаев Мұратқа халықаралық іздеу жарияланған.

Мұрат Боранбаев – қамауға алынған олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасы. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ол 2017 жылы AlanParking ЖШС басшысы болған.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 18 сәуірде "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды. Ал 14 сәуірде AlanParking ЖШС Бас директоры (ақылы тұрақ Операторы) Мұхтар Базарбаев тұтқындалды. 2021 жылғы желтоқсанда "RR2" ЖШС (иесі – олигарх Қайрат Боранбаев) компанияның 30% үлесін мемлекеттен сатып алды.

Қайрат Боранбаев өткен жылдың 17 наурызында қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат ұрлады деген күдікке ілінген. 25 сәуірде олигархтың бақылауындағы ақылы автотұрақтар Алматы әкімдігіне қайтарылды.

Қайрат Боранбаевтың ісі сотта былтыр желтоқсаннан бастап қарала бастады. Тергеу нұсқасы бойынша, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ пен Ибулла Серді өздерінің бақылауындағы «АзияГаз Чунджа» ЖШС арқылы Qazaq Gaz ұлттық компаниясынан (бұрынғы ҚазТрансГаз) газ тасымалдау кезінде қаражат жымқырған. Істе прокурорлар жымқырылған сома көлемі 14,5 млрд теңге екенін айтады.