Ертең IMECE атты алғашқы түрік бақылау спутнигі орбитаға ұшырылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзінің Twitter аккаунтында мәлім етті.
«Түркия білікті кадрлар, мүмкіндіктер мен өзі жасаған технологиясын жаһандық ғарыш бәйгесіне қосуын жалғастырады», - деп жазды ол.
IMECE спутнигін Түркияның ғарыштық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының (TÜBITAK UZAY) инженерлері жасаған.
Сейсенбі, 11 сәуірде спутниктің ұшырылуына байланысты институт аумағында салтанатты рәсім өтеді, онда жиналғандарға Түркия президенті бейнеүндеу жолдайды.
Түркияның шетелдік спутниктік технологияларға тәуелділігін төмендететін IMECE спутнигін Space X түрік уақытымен таңғы 09.50-де ұшырады. Дәл сол зымыран түрік ғарыш компаниялары жасаған AKUP, KILIÇSAT және CONNECTA T2.1 спутниктерін ғарышқа алып ұшады.
IMECE спутнигі 21 ақпанда АҚШ-тың Ванденберг әуе базасына жеткізілген. Кахраманмараш провинциясындағы жер сілкінісінен кейін елде қалыптасқан жағдайға байланысты тиісті рәсім жасалған жоқ.
IMECE жерсерігі 2017 жылы жасала бастады. Ол 680 шақырым биікте жұмыс істейді. Спутник планетаның барлық бұрышынан суретке түсіре алады, табиғи апат туралы мәлімет береді, картографияда және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады.