×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Қансырап жатыр": Жаңаөзен мұнайшылары өздерін СОБР соққыға жыққанын айтты

14.04.2023, 08:03
"Қансырап жатыр": Жаңаөзен мұнайшылары өздерін СОБР соққыға жыққанын айтты
Ulysmedia.kz

Астанада наразылыққа келіп кеткен Жаңаөзен мұнайшылары ұсталғаннан кейін СОБР қызметкерлері оларға күш қолданып, дене жарақатын салғанын айтты, деп хабарлайды хабарлайды Ulysmedia.kz

Желіде елордада қалған жұмысшылардың "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өкілдерімен келіссөздері кезінде түсірілген видео пайда болды. Онда жаңаөзендіктер құқық қорғау органдары әріптестерін ұрды деп мәлімдейді.

"Қазір пойызбен қайтып бара жатқан жігіттердің бірі қансырап жатыр. Екіншісін бүйректен тепкен, үшіншісі гематомадан көзін аша алмайды", - деді жұмысшылардың бірі.

Мұнайшылар екі жылдан бері әділеттілікке қол жеткізе алмай келе жатқандарын айтты.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.