×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

QazaqForum: Қазақ тілді контент жасаушыларды не мазалайды

28.04.2023, 11:43
Фото: Ulysmedia.kz

Елордада қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Жиында медиа сарапшылар, журналистер, бас редакторлар, блогерлер өз ойын ортаға салып, пікір алмасты. «Неге бәрі мұз» сессиясында сөз сөйлеген сарапшылар қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерге жарнама қалай түсетіні жөнінде сөз сөйледі.

Adyrna.kz порталының бас редакторы Арман Әубәкірдің айтуынша, қазір кез келген бұқаралық ақпарат құралы әлеуметтік желілердің бәрінде жұмыс жүргізу керек деп есептейді. Сөзінше, солай халыққа брендтің атын сіңіруге болады.

«Жалпы біздің әлеуметтік желіде 3-4 млн қолданушыларымыз бар. Біз соған әу бастан көп көңіл бөлдік. Жемісін көріп жатырмыз. Бәріне қаржы жұмсау қиын. Мен өз басым әлеуметтік желілерді бірінші орынға қойып, соны дамытуға күш салып жатырмыз», - дейді ол.

Ulysmedia.kz негізін қалаушы, бас редакторы Самал Ибраеваның сөзінше, Ulysmedia.kz порталы қазір толыққанды өзін-өзі ақтап отырған жоба.

«Әу баста бізде энтузиазм болды. Кейін экономист Расул Рысмамбетов маған «Самал, «сен немесе медиаменеджер бол немесе оппозиционер болып алаңға шығып, саясаткер бол» деді. Мен ойландым да, жиылып, монетизацияға келдім. Жасыратыны жоқ, қазақ контентінің табысы аз. Табыстың көбі орыс тілді контенттен түседі. Дегенмен біз ең біріншіден қазақ тілді контент жасауды – басты миссия көреміз», - дейді Самал Ибраева.

Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан (жеке youtube арнасы бар) қазақ тілді контентмейкерлерге не жетіспейтіні жөнінде ойын ортаға салды. Ол көрермен үшін youtube деген сұхбат алаңы секілді көзқарас қалыптасып қалды деп есептейді.

«Меніңше, салалық сипат жетіспейді. Мәселен, Нұрқожа деген азамат бар. Инстаграм мен тик-токта салалық сипатты жақсы дамытып жүр», - дейді ол.

Qamalladin Media коммерциялық директоры Фахруз Тоқтасынов өз компаниясы бес жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Компания блогерлермен жұмыс істейді.

«Бізде қазақ тілді блогерлер көп. Шынында да инфюленс-бизнес жағынан бірнеше контент бар. Ресейге қарасақ, блогерлерді ұстап, салық төлемегені жауапқа тартып жатыр. Біздің блогерлер де соған келуі керек. Блогерлерге соны міндеттеп жатырмыз», - дейді ол.

Блогерлердің салық төлеуі мәселесін тағы бір спикер Арай Әлімхан да қуаттай түсті. Оның айтуынша, Ресейдегі блогерлердің салық үшін ұсталып жатуы Қазақстан үшін сигнал болуы керек.

Форум сессиясының толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар.

Осы жылдар ішінде QazaqForum сарапшылар мен мамандардың басын қосып, қазақтілді онлайн медианың дамыту мәселелерін талқылайтын жалғыз алаң ретінде танылған. Жалпы үш жылдың ішінде шараға 400-ден астам адам қатысты. 2018 жылдан бері форум аудиториясы кеңейіп, енді қатысушылар мен спикерлер кез келген онлайн ресурстағы қазақша контенттің мәселелерін қарастыратын болды.

Шара Құрылтайшысы Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі.

Серіктес жаңалықтары