×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Росатомға уран кеніші тегін берілді»: Жамаубаев Жәкішевтің сөзін жоққа шығарды

30.05.2023, 10:45
Коллаж: ulysmedia.kz.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, «Буденовское» уран кенішінің үлесін сатудан Қазақстанның республикалық бюджетіне 150 млрд теңге түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске сала кетсек, Қазақстандағы ең ірі «Буденовское» уран кенішінің 49% үлесін Ресейге сатылуын қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Мәміле 1,5 миллиард долларға бағаланған. Ресейлік «Росатом» компаниясы кеніштің жаңа иесі атанды. Кәсіпкер әрі «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында «Буденовскоені» сатуға қазақстандық кәсіпкер Александр Клебанов пен бұрынғы қазақстандық, қазіргі ресейлік олигарх Василий Анисимов тікелей қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Қазақстандықтарға бұл келісімнен не пайда? Ешқандай. Қазақстан бұл кен орнын сатқан жоқ. Оны ресейлік олигарх Анисимов біздің кәсіпкер Клебановпен бірігіп сатты. Ақша Қазақстанға емес, «Қазатомөнеркәсіпке» емес, іс жүзінде олардың қалтасына түсті», – деген еді Жәкішев.

Журналистер бүгін осы келісім жөнінде Ерұлан Жамаубаевқа сұрақ қойды. Жамаубаев нақты кеніштің атын да, Мұхтар Жәкішевтің де атын атағысы келмеді.

«Соңғы сұхбаттардан алған ақпаратты айтып отырсыздар ғой!? Жүргізілген мәміле бойынша. Ол жерден республикалық бюджетке қаражат түсті. Атап айтқанда, 150 млрд теңге», - деді ол.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан жекешелендіру жүргізіліп жатса – ол «бір нәрсе».

«Егер қандай да бір жеке тұлға екінші тұлғамен мәміле жасап жатса – ол екінші мәселе. Бұл жалғыз объект емес қой. Қазір жалпы әлемдегі тәжірибені алып қарасаңыз, жеке компаниялар осындай кен орындарын байытып дамытады. Өйткені біздің республикалық бюджетте ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ дегенмен барлық ірі стратегиялық нысандарда Қазақстанның үлесі қомақты. Біздің негізгі мақсатымыз – барлық стратегиялық нысандарды біздің үлесіміз жоғары болуы керек және біз бақылау жүргізуіміз керек. Негізгі мәселе осында. Ал қалғаны жеке кәсіпкерлер, компаниялар, кәсіпкерлер келіп, жұмыс орындарын ашып, салық төлесе, онда біз оны құптаймыз. Бірақ ұлттық қауіпсіздік бізде әрдайым қамтамасыз етілуі керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары