Елдегі карантин шектеуіне қарамастан 20 қыркүйекте депутат Бекболат Тілеухан, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек және өзге де жұлдыздар Ақмола облысындағы «Балқарағай» демалыс аймағында тойға қатысқаны туралы фотосуреттер әлеуметтік желілерде кең тараған еді.
Ал еліміздің бас санитары арнаулы талаптармен той өткізуге 27 қыркүйекте ғана рұқсат берді. Осыған орай брифинг барысында «Бұл заң бұзушылық ретінде қаралды ма» деген журналист сұрағына Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова жауап берді.
«Бүгінде, жалпы алғанда, карантиндік шараларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту алгоритмі бар. Мониторингтен алынған бұл алгоритм бойынша, яғни бақылау тобы карантиннің бұзылуын тіркеуі тиіс. Әдетте бұл Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің қағидасында көзделгендей құжатталуы керек, содан кейін материалдарды санитарлық-эпидемиологиялық қызметке шара қолдану үшін жолданады. Яғни, әкімшілік жауапкершілікке тарту», - деді Айжан Есмағамбетов.
Ол аталған дерек бойынша, сұрау жүргізілгенін, алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік жүргізуге мүмкіндік жоқ екенін жеткізді.
«Бұл дерек бойынша біздің мекен-жайға материалдар келіп түскен жоқ. Шынында да, біз аталған жағдай бойынша тиісті орындарға сұрау жібердік. Сондай-ақ аталған ғимараттың иесі бұл шараның өткізілмегеніне жазбаша түрде растады. Яғни, тиісті, қолданыстағы заңнама аясында қандай да бір жауапкершілік жүктеуге негіз жоқ», – деп түсіндірді ол.
Тойдың өтпегені жайында ресми расталған болса, желідегі фотосуреттер жалған болғаны ма деген журналист сұрағына бақылау комитеті төрағасы қолданыстағы заңнаманың бұқаралық ақпарат құралдарынан келетін материалдарға жауап беруге мүмкіндік бермейтінін жеткізді. «Яғни, мұның арнайы тексеру жүргізу тәртібі, жауапкершілікке тарту тәртібі бар», деді ол.
Uchet.kz порталында «BALQARAGAI COUNTRY CLUB (БАЛҚАРАҒАЙ КАНТРИ КЛУБ)» ЖШС Самат Ахметовке тиесілі екені көрсетілген. 2015 жылы тіркелген ЖШС биыл 10 млн теңгеге жуық салық төлеген.