Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтан журналист Думан Мұхаметкәрім мен «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының төрағасы Марат Жыланбаевтың қамауға алынуына қатысты түсініктеме беруді сұрады.
“Біздің елде әрбір азамат заңға бағынуы керек. Ол (Думан Мұхаметкәрім – авт.) бірнеше рет заң талаптарын бұзды, соттың үкімін қараңыздар, оның не үшін сотталып жатқаны сонда нақты айтылған”, – деп қысқа қайырды Қожаев.
ІІМ өкілі Марат Жыланбаевтың ісіне қатысты да тұшымды жауап бермеді.
“Оған қатысты тергеу жүріп жатыр, қазір ештеңе айта алмаймыз. Тергеу аяқталған соң толыққанды ақпарат беретін боламыз”, – деді вице-министр.
Еске салайық, 25 мамырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының 60 жастағы төрағасы Марат Жыланбаевты екуі айға қамауға алу жөнінде санкция шығарды.
Ал журналист Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырды.
21 наурызда оның 25 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.
15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.
2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.
Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.
26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды.
Бұған дейін жазғанымыздай, оның үстінен ҚР ҚК 405-бабы ("экстремистік ұйымның қызметіне қатысу және ұйымдастыру") бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.