Еліміздің шекаралас аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым көрсеткіштері нашарлауда. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Елдің шекаралас аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым көрсеткіштері нашарлауда. Бірқатар аудандарда электрмен жабдықтау желілері – 42,6%, сумен жабдықтау желілері – 60,8%, газбен жабдықтау желілері – 16,5% тозған», - делінген тұжырымдамада.
Ұлттық экономика министрлігі келтірген мәліметке сай, көптеген шекаралас ауылдарда ұялы байланыс, интернет және пошта қызметтерінің сапасы төмен. Сонымен қатар, аудан орталығынан алыс орналасуына байланысты бірқатар елді мекен халқы үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі күрделене түсуде.
«Шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Өткізу пункттері мен оларға іргелес автомобиль жолдарының заманауи инфрақұрылымының болмауы көптеген шекара маңындағы аумақтардың транзиттік және туристік әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді», - делінген ведомство келтірген деректерде.
Айта кетейік, бұдан бұрын депутат шекаралық ауылдарда Ресей мен Қытайдың ұялы байланыс операторларының жұмыс істеп тұрғаны ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретінін айтқан.