×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қарақалпақстандағы наразылықтар: 8 адам түрмеден босатылды

06.06.2023, 08:18
Қарақалпақстандағы наразылықтар: 8 адам түрмеден босатылды
РБК

5 маусымда Өзбекстан Жоғарғы cотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда болған оқиғаларға қатысты іс бойынша 16 сотталушының апелляциялық шағымдары бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сонымен бірге прокуратураның шартты жаза тағайындалған 4 адамға қатысты наразылық мәлімдемесі қаралды.

"Газета.uz" басылымының жазуынша, сот қаңтар айындағы үкім жарияланғаннан кейін көп ұзамай түрмеде қайтыс болған Полат Шамшетовке қатысты үкімнің жаза тағайындауға қатысты бөлігін алып тастау, мүлкін бұғаттан шығарып, мұрагерлеріне қайтару туралы шешім қабылдады.

Сегіз сотталушының жазасы бас бостандығынан айырудан бас бостандығын шектеуге өзгертілді, олар сот залында босатылды:

Бақтияр Қадырбергенов – 7 жыл бас бостандығынан айырудан 5 жылға бас бостандығын шектеуге;
Байрам Сейтниязов – 8 жыл бас бостандығынан айырудан 4 жылға бас бостандығын шектеуге;
Саидабулла Медетов – 7 жыл бас бостандығынан айыру 5 жылға бас бостандығын шектеуге;
Кахарман Сейтімов – 5 жыл бас бостандығынан айырудан 5 жылға бас бостандығын шектеуге;
Полат Нұрниязов – 4 жыл бас бостандығынан айырудан 4 жылға бас бостандығын шектеуге;
Сайыпназар Қалимов – 6 жыл бас бостандығынан айырудан 5 жылға бас бостандығын шектеуге;
Нұрлан Сұлтанмұратов – 3 жыл бас бостандығынан айырудан 3 жылға бас бостандығын шектеуге және
Арсыланбек Темірханов – 6 жыл бас бостандығынан айырудан 5 жылға бас бостандығын шектеуге өзгертілді.

Аталған азаматтар түнде үйден шықпауы керек, бұқаралық іс-шараларға қатыспауы және пробация органына үнемі есеп беруі шарт.

Сот келесі сотталушыларға жазаны жеңілдету туралы өтініштерді ішінара қанағаттандырды:

Дәулетмұрат Жиемұратов – 8 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
Нұрлан Найыпов — 7 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Разбек Бекмұратов – 8 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Сұлтанбек Қайыпов – 8 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Аллабай Тоқымбетовке – 8,5 жылдан 6,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және
Әмірбек Әділбеков – 7 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс, Мойнақ және тағы да бірнеше қалада Қарақалпақстанның егеменді мәртебесін жоятын конституциялық түзетулерге қарсы наразылықтар басталды. Бірақ билік демонстрацияларды билікті басып алу әрекеті ретінде қарастырды және акцияларға қатысушыларға көзден жас ағызатын газ, резеңке оқтар мен түтін бомбаларын қолданды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілерді тарату нәтижесінде 21 адам қаза тапты. Барлығы 243 адам жарақат алды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Нүкіске сапарынан кейін Өзбекстан Парламенті Қарақалпақстанның егемендігі туралы бапты Конституцияға енгізілген түзетулер жобасынан алып тастады.

Бұдан бұрын, Бұхара соты Қарақалпақстандағы наразылық ісі бойынша 22 айыпталушыға үкім шығарған.