Алматыда 2023 жылдың соңына дейін 399 заңсыз сауда нысаны сүріледі. Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың келбетіне нұқсан келтіретін, жан-жағы абаттандырылмаған және тротуарлар мен жол учаскелеріне қоқыс тастайтын заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілеріне шара қабылдануда.
“Ерікті сүруді жүзеге асыру үшін заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілері иелерімен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отыр. Нысан сүрілген соң аудан әкімдіктерімен бірлесіп, заңсыз объект орнатылған аумақ ретке келтіріледі, қоқыстан тазартылады. Мониторинг қорытындысы бойынша, 2022 жылы Алматы қаласы бойынша жер заңнамасын, санитарлық, қала құрылысы және өрт нормаларын бұзған 500 заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектісі анықталды. Бүгінде 101 нысан бұзылды, қалғандары осы жылдың соңына дейін алынып тасталады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын бұдан бұрын Алматыда заңсыз салынып жатқан «Мечта» таунхаусы сүрілетіні хабарланған.
Сондай-ақ, қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан заңсыз танылған 53 нысан сотқа жіберілген болатын.