×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

Шенеуніктер «Алтын Орда» базарын тәулік бойы бақылайтын болды

12.06.2023, 12:16
фото: ашық дереккөзден

«Алтын Орда» базарын құрамына бірнеше ведомство өкілдері енген мобилді топ бақылауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы өткен сенбіде премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға арналған апталық кеңесте айтылды.

Сауда комитетінің мәліметінше, мобилді топ құрамында ҚМА, СИМ, БҚДА, ҚМ МКК, ІІМ, ДСМ, ТЖМ, АШМ, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері бар. Топ қазірдің өзінде базарда тәулік бойғы кезекшілікке кіріскен.

“Сатушылар, жеткізушілер, жүргізушілер мен базарға келген азаматтардың өтініштерін қабылдау және жедел жауап беру үшін «Алтын Орда Open» Телеграмм-чаты мен бірыңғай байланыс орталығы (call center) (8 7273 195 160, 8 747 059 7054) құрылды. Көкөніс өнімдерін базарға келушілерге тікелей өткізетін шаруалардың жүк көліктері үшін тегін 100 орын белгіленді”, – делінген хабарламада.

Сауда нүктелері шатырлармен жабдықталған, тұрақты бақылау үшін камералар орнатылған. Бұл шаруаларға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға тікелей делдалсыз сатуға мүмкіндік береді. Базарда сауда жасау үшін шаруалар ауыл әкімдігінің анықтамасын алуы қажет.

«Алматы облысының әкімдігі мобилді топтың жұмысын күнделікті бақылауда ұстауы қажет. Жүк көліктеріне арналған 100 орын – жазғы маусымға оңтайлы жедел шара. «Алтын Орда» аумағынан стационарлық сауда нысандарына орын бөлу қажет. Бұл тек осы базарға ғана қатысты емес, барлық әкімдіктерге өз өңірлеріндегі базарлар мен ірі сауда нысандарында осындай жұмыс жүргізуді тапсырамын», — деді Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, бұдан бұрын Бас прокуратура және мемлекеттік органдардың тексеруі нәтижесінде “Алтын Орда” базарында санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталған болатын.

Серіктес жаңалықтары