Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысындағы мұнай-газ кен орнындағы өртке қатысты тексеру жүргізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Маңғыстау облысындағы «Қаратұрын» кен орнында биылғы 9 маусым күні мұнай ұңғысында апат болып, 18 күн бойы мұнай-газ жанып, қоршаған орта зиянды заттармен ластанып жатыр. Әлі күнге шейін апатқа жұмылдырылған мамандандырылған «Ақберен» мекемесі алауды сөндіре алмай жатыр. Кезінде бұл мекеме жекешелендірілді. Сонда оның тиімділігі, әлеуеті, кәсіптік деңгейі төмен бе, қауқарсыз ба? Бизнес жақсы жұмыс істейді деген қағидат қайда? Екінші мәселе - кен орынды игеруші «Бозашы-нефть» компаниясы. Бізде бар ақпарат бойынша бұл компания заңды белшесінен басып, кен орнында техникалық қауіпсіздікті сақтамай келген. Жұмысшылардың жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайлары тиісті деңгеде емес, арнайы киімдер мен қорғану жабдықтары дұрыс берілмейді, техникалық қауіпсіздік қызметі кен орнында жұмыс істемейді. Өздерінің құқықтарын заң жүзінде талап еткен жергілікті жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберіп, басқа өңірден жұмысқа адамдарды қабылдаған», - деді Е. Жаңбыршин Үкіметке және Бас прокуратураға жолдаған сауалында.
Депутат аталған кен орнындағы былықтарды жайып салды.
«Сонымен қатар, инсайдерлік ақпарат бойынша компания кейбір ұңғылардан заңдастырмай мұнай шығарып отыр. Яғни 21 ғасырда «Бозашы-нефть» компаниясы жабайы капитализм әдісімен жұмыс істеп отыр. Лондонда тұрып жатқан қожайынына тек қана пайда керек. Мемлекет басшысының мұнай-газ саласындағы кемшіліктерді реттеуге, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтауға қатысты тапсырмалары неге орындалмайды? Мұнай компаниясының жұмысын қадағалайтын және бақылайтын құзырлы органдар осы күнге дейін ай қарап келген бе? Жергілікті прокуратура не істеп отыр? Мұндай жағдай тек «Бозашы-нефть» компаниясында орын алып отырмағаны анық. Яғни, еліміздің мұнай саласында шешілмеген жүйелі проблемалар бар», - деді Еділ Жаңбыршин.
Мәжілісменнің сөзінше, Қазақстандағы жекеменшік мұнай компанияларында, әсіресе «Бозашы-нефть» компаниясында кешенді тексеру жүргізіп, олардағы Еңбек Кодексінің талаптарының орындалуы, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің заңнамаға сәйкестігін қарау керек.
«Қаратұрындағы апаттың өңірдің экожүйесіне тигізген зардабы толықтай анықталсын және «Бозашы-нефть» компаниясынан төленетін экологиялық төлемдер кен орны орналасқан Маңғыстау ауданының табиғи ортасын жақсартуға жұмсалсын. «Бозашы-нефть» компаниясы «Қаратұрын» мұнай кен орнында заңсыз мұнай шығарып сатқаны анықталса, компаниямен жасалынған келісімшарт бұзылып, кен орын мемлекет меншігіне қайтарылсын. Бұл компанияны барлық лицензиясынан айыру керек», - деді депутат.
Еске салсақ, 9 маусым күні Маңғыстау облысындағы «Бозашы мұнай» ЖШС-ның «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында өрт тұтанған болатын.