Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз ЖЭО-дағы жағдайға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистер министрден Екібастұз тұрғындарына келесі жылыту маусымында қатысты алаңдауға негіз бар ма деп сұрады.
"Мен сол нысанға барып, әуелі өз көзіммен көрейін. Әзірге, әкімдік пен мемлекеттік энергетикалық қадағалау мәліметінше, бәрі жақсы жүріп жатыр. Қажетті жөндеу қамтамасыз етілді, жабдық сатып алынды. Өзім барып көргеннен кейін ақырғы жауабымды айтамын. Екібастұзға – тамызда, Риддерге – шілде айының басында, ертең СҚО-ға барамын. Екібастұзда біз, негізінен, сыни дәрежесі бойынша объектілерді таңдадық. Қараша айына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау маңызды. Біздің ақпаратымыз бойынша, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бәрі жақсы", - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары министрді осы уақытқа дейін нысанға жеке өзі бармағаны үшін сынға алған болатын.
Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.
8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.
Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.
15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды.
Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.
11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.
Сонымен қатар, жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.