×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Депутат Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашқаны үшін қандай жаза алды

05.07.2023, 12:26
Коллаж: Ulysmedia.kz

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тарту – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы жауынгер Нұрасыл Болатқа қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Н.Болат Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға міндетті болған. Алайда ол оған бөлімше командирінің лейтенант А. берген бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытта кетіп қалған.

«Сот Б.-ны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды», - деп хабарлады соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұдан бұрын заңгер Анна Чернова Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растап, қатардағы жауынгердің мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашқанын мәлім етті.

4 шілдеде ведомство Нұрасыл Болаттың ұсталғанын хабарлады.

Ақпан айында Анна Чернова мен күйеуі Олег Чернов екеуін Нұрасыл Болат соққыға жыққан болатын.

Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық ісі жайлы пікір білдірген. Оның сөзінше, жәбірленушілер татуласуға ниет білдірген.

Алайда соққыға жығылған заңгерлер депутаттың сөзін жоққа шығарды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын жәбірленушілер шабуыл жасаған кезде Тұрлыхановтың ұлы әскерде болуы керектігін айтқан.

Жуырда Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қылмыстық ісіне қатысты пікір білдірді.

Серіктес жаңалықтары