Бұл туралы Антикор төрағасы Асхат Жұмағали 6 айдың қорытындысы бойынша алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Асхат Жұмағалидің сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарының бірі ретінде Жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылады. Картаны іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне білім беру саласында сыртқы талдаулар жүргізілді.
Агенттіктің интеграцияланған талдауды пайдалануы жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берген, соның арқасында бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды.
Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.
“Мектеп директорлары мен бухгалтерлері бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылықпен және басқа мәліметтер базасымен интеграциялаудың жоқтығын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған. Бұл білім бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік аудиторларды қамту кезінде орын алды”, – деп мәлім етті ведомство басшысы.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша алдын ала 7,9 млрд теңге шығынмен білім беру саласында 102 қылмыстық іс тіркелген.
Білім беру саласы – ең көп жемқорларланған салалардың бірі. 2020 жылдан бастап осы саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталды. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңгені құрады.
Еске салайық, бұдан бұрынТалдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен 1 миллиард теңге, сондай-ақ қымбат мүліктің құжаттары табылған еді. 48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді. Үйін тінту кезінде 942 млн 902 мың теңгеден астам қаражат тәркіленді. Бас есепші ұрлаған ақшаның басым бөлігін шетелдік валютаға айырбастап қойған. Бұдан бөлек, 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. Қазіргі кезде 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке уақытша шектеу қойылды.
Көп ұзамай Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысы да тергеліп жатқаны белгілі болды.
Сондай-ақ, бұдан бұрын елімізде бір мектепті 7 жылдан артық басқарған директорлар жаппай тексерілетіні хабарланған.