Бокстан бұрынғы әлем чемпионы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы дерекке қарағанда, Бейбіт Шүменовке 22 шілдеде еліміздің Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасы іздеу жариялаған.
Еске салайық, 11 шілдеде әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменовтің сауда орталығында балалы ер адамды соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. 12 шілдеде ақпарат ресми түрде расталды.
"Иә, растаймыз, тергеу басталды. Іс "Бұзақылық” бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлық деңгейін сараптама көрсетеді", - деп жауап берді ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев.
Басы дауға қалған боксшы бұдан бұрын төбелеске қатысты өз нұсқасын айтқан болатын. Оның айтуынша, ол баласын қорғау мақсатында жәбірленушіге жұдырық сілтеген.
Бұдан бұрын соққыға жығылған ер адамның Қырғызстан азаматы екені белгілі болды.
Көп ұзамай Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Астанада соққыға жығылған қырғызстандыққа қатысты істі бақылауға алғандарын мәлімдеді.