Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов боксшы Бейбіт Шүменовтың төбелесі жөнінде пікір білдіріп, қазақ боксы мектебін мақтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіге тараған ақпараттардың бәрін көрдік. Мен де көрдім. Біз де жан-жақты мониторинг жүргіземіз ғой!? Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін ақпарат беріледі», - деді Асхат Оралов.
Оның айтуынша, «бір ғана оқиға болды екен деп, бүкіл спортшыларға топырақ шашуға болмайды».
«Таяуда ғана біздің боксшылар әлем чемпионатында жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бокс – олимпиадаға енетін спорт түрі. Біздің бокс мектебі өте танымал», - дейді ол.
Оралов мұндай оқиғалар, төбелестер «тек спортшылардың қатысуымен болмайтынын» атап өтеді.
«Адам спортшы, әртіс, дәрігер, бизнесмен болсын – өз әрекеті үшін құқықтық алаңда жауап беруі керек. Заң алдында бәрі бірдей», - дейді министр.
Еске салайық, 11 шілдеде әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменовтің сауда орталығында балалы ер адамды соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. 12 шілдеде ақпарат ресми түрде расталды.
"Иә, растаймыз, тергеу басталды. Іс "Бұзақылық” бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлық деңгейін сараптама көрсетеді", - деп жауап берді ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев.
Басы дауға қалған боксшы бұдан бұрын төбелеске қатысты өз нұсқасын айтқан болатын. Оның айтуынша, ол баласын қорғау мақсатында жәбірленушіге жұдырық сілтеген.
Бұдан бұрын соққыға жығылған ер адамның Қырғызстан азаматы екені белгілі болды.
Көп ұзамай Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Астанада соққыға жығылған қырғызстандыққа қатысты істі бақылауға алғандарын мәлімдеді. Қазір боксшы іздеуде жүр.