×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Футбол добына айналдық": Алматы облысында көпірін сел шайған тұрғындар жолсыз қалды

28.07.2023, 08:44
"Футбол добына айналдық": Алматы облысында көпірін сел шайған тұрғындар жолсыз қалды
видеодан кадр

Алматы облысы Талғар өзеніндегі көпірді сел қиратып, жергілікті тұрғындар өркениетсіз қалғандай күй кешіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Алматы" телеарнасының хабарлауынша, Еңбекшіқазақ пен Талғар ауданы шектесетін тұстағы саяжай тұрғындарының өткен жұмада өзен тасып, көпір қирағалы «аралда қалғандай болдық» дейді. Бұл – ересектердің жұмысқа, оқушылардың мектепке баратын төте жолы. Көпірді су шайғалы тұрғындар ары-бері өте алмайды. Тіпті тасыған өзеннің жағасында тұру қорқынышты-ақ. Судың ағысы қатты.

Сондықтан саяжайлықтар басқа жолмен айналып өтуге мәжбүр. Бірақ онда да жағдай мәз емес. Ойқы-шойқы жолда жаяу шықсаң, шақырым асатын көрінеді. Тұрғындар бұл мәселемен екі ауданның әкімдігіне қатар барғанын айтады.

– Еңбекшіқазаққа барсақ, Талғарға жібереді, Талғарға барсақ, Еңбекшіқазаққа жібереді. Біз екі ортада футбол добы сияқты отырмыз. 1970 жылдан бері саябақ бар, жағдайымыз қиын, – деді саяжай тұрғыны Бақыт Бақбергенова.

– Біз екі ортада қалып отырмыз. Ешкім көзге ілмейді. Бірінші мәселеміз – көпір. Сел ағызып кетті. Жақында балаларымыз мектепке барады. Аз уақыт қалды. Қалай баратынын білмей отырмыз, – деді саяжай тұрғыны Айдар Нұрғазиев.

Анықталғандай, қираған көпір Еңбекшіқазақ ауданында жатқан 18 бірлестіктің аумағында орналасқан. Рахат ауылдық округіне қарайды екен. Жергілікті әкімдік өкілі мәселені қарастыратынын айтты. Ауыл емес, саяжай болғандықтан білек сыбана кірісе алмайтын көрінеді.

– Бұл көпір ешкімнің балансында жоқ. Әкімдіктің де, төтеншеліктердің де қарамағында жоқ. Сұрақтардың бірі – балаларды тасымалдап оқыту. 1 қыркүйекке дейін шешімін табатын шығар деп ойлаймын, – деді Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Дина Моналбаева.

Бүгінде көпірдің маңы ашық жатыр. Қоршауды немесе қауіпсіздікке қатысты белгілерді көрмедік. Жолды айналып өткісі келмейтіндер арғы беттен секіріп, емін-еркін өтіп жүр. Әкімдік өзен маңына кезекшілік қойғанын айтса, жергілікті жұрт оның біреуін де көрмегенін жеткізді.