Азамат Сатыбалды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Киностудия ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды.
Министр «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтті.
«Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм – ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек»,- деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрінің сөзінше, 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35% дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі картиналардың үлесін 30% дейін жеткізу көзделген.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды ұзақ уақыт М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын 3 жыл басқарды. Бүгінгі дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.