Маңғыстау атом электр станциясында (МАЭК) апат орын алып, салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды. МАЭК-ке қатысы бар азаматтар қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, электр қуатын қалпына келтірудің нақты уақыты әлі белгісіз екенін айтты.
Компания өкілдерінің мәліметінше, жағдай «KEGOK» АҚ батыс өңірлік диспетчерлік орталығының нұсқауына сәйкес Маңғыстау облысында электр энергиясына енгізілген шектеулерге байланысты. Осының салдарынан кейбір тұтынушыларға шектеулер қойылды.
Сондай-ақ, Ақтау тұрғындары да электр қуатына қатысты қиындықтарға шағымданып отыр.
Еске салайық, 3 шілдеде сыртқы желілерден электр қуатының үзілуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғылары апатты жағдайда тоқтаған болатын. Сол күні кешке зауыттың электр қуатын беруі толығымен үзілді. Бұған МАЭК-тегі апат себеп болды. Кейін үкімет «МАЭК» ЖШС, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «KEGOC» компанияларының бірқатар басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік шара қолдануға уәде берді.
Бұған дейін Энергетика министрлігі «KEGOC» АҚ бірінші басшысының орынбасары белгіленген мерзімге сай келмегені үшін жазаланғанын хабарлаған болатын.