×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Жылыту маусымы таяу: астаналықтар қыстан қысылмай шыға ма

14.08.2023, 08:42
Жылыту маусымы таяу: астаналықтар қыстан қысылмай шыға ма
фото: ашық дереккөзден

Үкімет елордадағы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары (ГЖС) мен 3-ЖЭО құрылысының барысы туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Қазір 3-ЖЭО-да жұмыс 90% орындалған. Биыл барлық 4 қазандықты (газ) кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елордадағы жылу қуатын қосымша 440 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Әлихан Смайылов бұл жобаның қала халқы үшін әлеуметтік маңыздылығын және оны іске қосу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Алдағы жылыту маусымында қазандықтардың бәрін пайдалануға беріп, қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету өте маңызды. Қала әкімдігі нысанды уақтылы іске қосу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», - деді ол.

Елорданы шамамен 350 Гкал/сағ көлемінде қосымша жылумен қамтамасыз ететін «Тұран» газ жылу стансасы мен жалпы қуаты 350 Гкал/сағ болатын және сол жағалау аймағын қамтуы тиіс «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының құрылысы да жоспар бойынша жүріп жатқаны хабарланды. 

Жалпы, жаңа ГЖС-ның артықшылығы – табиғи газды үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Табиғи газдан басқа, олар дизельмен жұмыс істеуге арналған.

«Қазір бізде екі газ қазандығы бар, жаңа жылу электр орталығы іске қосылып жатыр. Бұл алдағы жылыту маусымында қаланы шамамен 1100 Гкал/сағ жылумен қамтамасыз етеді, демек, біз жылуды артығымен беруге жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ елорданы болашақта жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін келесі жылы қосымша газ қазандықтарын енгізу жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Астана әкімдігінен "сақалды құрылысқа" айналған үшінші жылу электр стансасы жайлы сұраған. Нысанның салынып жатқанына 14 жыл болғанын айтқан мәжілісмен жылдан жылға жоба құны қымбаттап бара жатқанына шүйліккен еді.