×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Кенесары ханның басын қайтару: СІМ – тарихшыларға, Оралов – СІМ-ге сілтеді

15.08.2023, 10:42
Кенесары ханның басын қайтару: СІМ – тарихшыларға, Оралов – СІМ-ге сілтеді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қоғамда қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегін Ресейден қайтару жөнінде мәселе жиі көтеріледі. Ресейге Қазақстаннан арнайы экспедиция барса да бас сүйек жайлы нақты ақпарат жоқ. Жыл басында депутаттар да ханның бас сүйегін қайтару мәселесін көтерген. Алайда оның бәрі сөз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл мәселе жөнінде мәдениет және спорт министрі не дейді? Ulysmedia тілшісі Асхат Ораловтан сұрап көрді.

“Ең алдымен ғалымдармен жұмыс істеу керек шығар. Одан кейін мәселені сыртқы істер министрлігі шешуі керек. Біз шет мемлекеттермен қарым-қатынасты сыртқы істер министрлігі арқылы ұйымдастырамыз. Бұл –  заңда белгіленген тәртіп. Мәдениет саласы болсын, мейлі спорт саласы болсын, біз өзге елдермен осы ведомство арқылы байланысамыз”, – деді мәдениет министрі.

Асхат Ораловтан қазақтың соңғы ханының бас сүйегі туралы министрлікте қандай мәлімет барын сұрағанымызда, шенеунік қоластындағы комитетке тапсырма беретінін, ақпаратты сол жақтан ала алатынымызды айтты.

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кенесары ханның басын қайтару мәселесімен тарихшылар айналысуы тиіс екенін айтқан.

Қазақтың соңғы ханының басын тарихи отанына қайтару мәселесі жоғары деңгейде қарастырылып жатыр ма деген сұраққа сыртқы саясат ведомствосының өкілі: "Білесіз бе, бізде басқа да сұрақтар жеткілікті. Жұмыс істеу керек" деп жауап берді.

Ulysmedia.kz соңғы ханымыз жайындағы арнайы шығарылым ұсынған. Кенесары хан кім және басы қайда, неге қайтара алмай жатырмыз деген сауалдарды тарихшылар мен қоғам қайраткерлері Сұлтанхан Аққұлұлы, Уалихан Қайсаров және Заңғар Кәрімханға қойған едік.