Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Жамбыл облысында 2022 жылдың тамызында өз-өзіне қол жұмсаған мерзімді сарбаз Мираш Бекболдың өлімі үшін кім жазаланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Брифингте Ulysmedia тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Ерік Беріков резонанстық оқиғадан кейін Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы, шекара басқармасының бастығы, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және застава бастығы өз лауазымдарынан айырылғанын айтты.
Шенеунік қызметінен қуылған азаматтардың аты-жөнін атамады. Сондай-ақ, ол бұл іс бойынша материалдар сот қарауында екенін атап өтті.
Еске салайық, 2022 жылғы 19 тамызда қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың Шөлдала шекара заставасында асылып қалғаны мәлім болған. Оның туыстарына командирлері "жүретін қызымен ұрсысып қалған соң, өз-өзіне қол салған" деп хабарлаған. Бекбол Мираштың туыстары оны әскердегі әлімжеттіктен өлді деп есептейді.
Жыл басында күдікті сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев "өлген шекарашы сексуал зорлық пен бопсаға ұшыраған" деп мәлімдеген еді. Сараптама нәтижесін алға тартқан адвокат сарбаздың аузы мен ішкиімінен бірнеше ер адамның биоматериалы табылғанын хабарлаған. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі "адвокат этиканы бұзды", "шындыққа сай келмейтін тұжырым ойлап тапты" деп айыптаған.
Алайда Астана қаласының адвокаттар алқасы Сержан Пірәлиев ешқандай этикалық нормаларды бұзбағанын анықтады.
Дей тұрғанмен, Бас әскери прокуратура жыныстық зорлық дерегін жоққа шығарды.