2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 16,4 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 19,5% ұлғайып, 2023 жылғы 1 тамызда 15,8 трлн теңгеге жетті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары шамамен 517 млрд теңге, бір жылда 27,8% көбейді.
“Ең үлкен өсім – 57,8% нәтижені ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақталған қаражат көрсетті. Ол 2023 жылғы 01 тамызда шамамен 4,5 млрд теңге болды.Бір жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ есебінен жинақтардың орташа мөлшері – 1 438,5 мың теңге. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18,1% артық. Есепте барлық салымшылардың, яғни жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жаңадан кіргендердің де, жүйеге 25 жыл бойына жарна аударып келгендердің де жеке зейнетақы шоттары ескерілді. Жинақ сомасына салымшының табысына тәуелді жарнаның жүйелілігі мен сомасы үлкен әсер етеді”, – делінген хабарламада.
Зейнет жасына байланысты төлемдер шамамен 83,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтар-шілде айларындағы таза инвестициялық кіріс – 760,9 млрд теңге.
“БЖЗҚ-дан төлемдер түріндегі шығыс ағындары жыл басынан бері шамамен 286,2 млрд теңге болды. Бұл соманың басым бөлігі – шамамен 132 млрд теңге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінен тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 85% төмендеді”, – деп хабарлады қордан.
БЖЗҚ атап өткендей, кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 32 122 теңге болса, ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы - 742 692 теңге.
Айта кетейік, бұдан бұрын 2024 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы және зейнетақы мөлшері қанша болатыны хабарланған.