×
440.92
475.36
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
440.92
475.36
4.82

Құрып кетші бар!: Түркістанда аурухана қызметкерінің сөзі көптің ашуын тудырды

02.09.2023, 13:28
Ашық дереккөз

Желіде аурухана қызметкерінің 2,5 айлық қызы жансақтау бөлімінде жатқан келіншекке дөрекілік көрсеткен сәтінің видеосы пайда болды. Оқиға Түркістан облысы Келес аудандық ауруханасында орын алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оtyrar.kz телеарнасының жазуынша, бейнежазбаны науқас сәбидің анасы ТікТок парақшасында жариялаған. Белгілі болғандай, реаниматолог дәрігер жансақтау бөлімінде жатқан қызын көру үшін ішке кіруіне рұқсат берген. Алайда шаруашылық бөлімінің кіші қызметкері оны кіргізбей қойған. Ашуға булыққан ана аурухана қызметкерін видеоға түсіріп алған.

«Есіміңізді айтыңызышы… Қарасай бері! Арқаң таза еді ғой сенің. Бері қара! 2,5 айлық шақалағым реанимацияда жатыр. Рұқсат беріп тұрса да мына кісі кіргіздірмеген еді. Артың таза еді ғой, бері қарасай!» – дейді келіншек.

Сәбидің анасының айтуынша, аурухана қызметкерінен аты-жөнін сұрағанда бейджигін шешіп, қалтасына салып қойған.

«Аты-жөнін айтпайды. Міне, бассыздық! Алдына келген пациенттермен, адамдармен дұрыс сөйлесуді білмейді. Қалай жұмысқа алып отырсыздар? Реаниматолог рұқсат беріп тұр, оның алдында бұл кім болыпты?» – дейді ашынған ана.

Видеодан аурухана қызметкерінің сәбиі өмірмен арпалысып жатқан келіншекке «Құрып кетші бар» деп жауап қатқанын естуге болады.

Бейнежазбаны көрген желі қолданушыларының көбі аурухана қызметкерін сынға алды. Арасында кіші қызметкер тек бұйрықты орындайтынын, оның кінәсі жоқтығын алға тартқандар да болды.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, аурухананың ішкі күн тәртібіне байланысты сағат 09:00-11:00 аралығында пациенттердің туыстарына кіруге болмайды. Себебі бұл уақыт аралығында дәрігерлер науқастарды аралап, консилиумдар ұйымдастырылады, дәрігерлік кеңестер жасалады. Күн тәртібі туралы ақпарат аурухана қабырғасында ілінген екен. Ал науқас сәбидің анасы ауруханаға сағат 10:00 шамасында келіпті.

Басқарманың мәліметінше, жансақтау бөлімінің қызметкерлері тарапынан науқас сәбидің  күтімі қатаң бақылауда. Аталмыш видео бойынша аурухана қызметкеріне ескерту жасалған.

«Аурухананың шаруашылық бөлімінің кіші қызметкеріне «ескерту» берілді» делінген мәліметте.

Сондай-ақ басқармадағылар қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ведомствоның Call центріне 1305 телефоны арқылы жүгінуге болатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары