Астана қалалық сотының апелляция алқасы Арыстанбек Мұхамедиұлы және экс-министрмен бірге сотталған үш адамның ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот шешімімен экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшеновке шыққан үкім өзгеріссіз қалды. Экс-министр 8, соңғы екеуі 7 жылға сотталған еді. Айым Сәдуақасованың жазасын өтеу мерзімі (ол да 7 жылға сотталған) 5 жылға кейін шегерді. Ол бірден тұтқыннан босатылды. Оның 2023 жылдың шілдесінен бері тұтқында болған бір күні бір жарым күн болып есептелді. Сот Сәдуақасованың кішкентай қызы барын есепке алды.
Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі 4-тармағы және 189-бөлігі 2-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталған болатын. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.
Үкім шыққаннан кейін көп өтпей, Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген еді. Ал шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі Ғалия Ысқақованы күдікті деп танылғанын мәлім еткен.