Гранит тақталардың ұрлануы, Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуі, кәсіподақтың ондаған миллион теңгесі және мемлекеттік органдарды сынаған бейнежазбалар. Бұған дейін осы оқиғалар Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істің жеке эпизодтары ретінде қарастырылып келген. Алайда 16 қазанда Алматыда прокурор айыптау актісін оқып, тергеу бұл оқиғаларды бір-бірімен қалай байланыстыратыны алғаш рет белгілі болды. Ulysmedia.kz тілшісі Боқаевқа нақты қандай айыптар тағылғанын, іс бойынша кімдер жәбірленуші деп танылғанын және қорғаушылардың бұған не дейтінін анықтады.
Санжар Боқаев көпшілікке ең алдымен әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы танылған. Ол бюджет қаржысының жұмсалуы, қаланы абаттандыру, ағаштардың кесілуі, шенеуніктер мен мердігер компаниялардың жұмысы туралы жиі айтып келген. Оның бейнежазбалары қоғамда талай рет қызу талқыланған.
Алайда 2026 жылғы 18 наурызда Боқаев ұсталғаннан кейін тергеу оның нақты қандай әрекеттерін қылмыс деп санайтыны және олардың қоғам белсендісінің жария қызметімен қалай байланысатыны ұзақ уақыт белгісіз болып келді.
Бұған дейін Бас прокуратура ағаштарды заңсыз кесу мен құрылыс материалдарын ұрлауды ұйымдастыру туралы хабарлаған болатын. Қаржыға қатысты да айыптар айтылған. Дегенмен істің толық мән-жайы ашылмаған еді.
Енді мемлекеттік айыптаушы сотта тергеудің ұстанымын толық баяндады.
Боқаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша айып тағылған. Олар – 188, 190, 218, 274 және 340-баптар. Атап айтқанда, ұрлық, алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу.
Онымен бірге жиені Мадияр Қалменов пен бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожа да айыпталушы ретінде сотқа тартылып отыр.
Прокуратураның пайымдауынша, кейбір айыптар мемлекеттік органдарды сынауға емес, кейін жұртқа заңсыздықты әшкерелеу ретінде көрсетілген оқиғаларды алдын ала ұйымдастыруға байланысты.
Тергеу гранит тақталар мен Баум тоғайына қатысты оқиғаларды дәл осылай түсіндіреді.
Фото: Ulysmedia
Қылмыстық істегі негізгі эпизодтардың бірі Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты.
2025 жылғы қыркүйекте Боқаев құрылыс алаңынан гранит тақталардың әкетіліп жатқаны туралы бейнежазба жариялаған. Онда қаланы абаттандыруға арналған материалдардың ұрлануы мүмкін екені айтылған еді.
Ал қазір прокуратура бұл оқиғаның алдын ала ұйымдастырылғанын мәлімдеп отыр.
Айыптау актісіне сәйкес, Боқаев бейнеоператоры Ұлан Нүсіпқожаға құрылыс материалдарын ұрлауды ұйымдастырып, оны видеоға түсіруді, кейін жазбаны кездейсоқ анықталған заңсыздық ретінде көрсетуді ұсынған.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл іске тікелей орындаушыларды табуға тиіс болған Ахлиддин Хамракулов тартылған.
Прокурордың айтуынша, 2025 жылғы 10 қыркүйекте құрылыс нысанынан сегіз гранит тақта әкетілген. Ал 15 қыркүйекте тағы бір тасымал ұйымдастырылып, бұл жолы 12 тақта Бесағаш ауылындағы құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізілген.
Тергеу мұның бәрі қаланы абаттандыруға арналған құрылыс материалдары жеке шеберханаларға заңсыз сатылып жатқандай әсер қалдыру үшін жасалған деп есептейді.
– Боқаев өзінің бейнеоператоры Ұлан Нүсіпқожаға мемлекеттік құрылыс нысанынан мүлік ұрлауды ұйымдастыруды, кейін оны өздері кездейсоқ анықтаған заңсыздық ретінде көрсетуді ұсынған, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокуратураның мәліметінше, Боқаев пен Нүсіпқожа оқиғаны видеоға түсіріп, кейін жазбаны Instagram желісіне жариялаған.
Бұл эпизод бойынша жәбірленуші тарап ретінде құрылыс жұмыстарына қатысқан мердігер ұйым – «Павлодар өзен порты» АҚ танылған.
Сотта жарияланған мәліметке сәйкес, келтірілген болуы мүмкін шығын көлемі шамамен 1,3 миллион теңгеге бағаланған.
Осылайша, прокуратура Боқаевты тек жалған ақпарат таратты деп емес, өзі кейін көпшілікке жариялаған ұрлықты ұйымдастырды деп айыптап отыр.
Алайда бұл айыптардың қаншалықты дәлелді екенін сот анықтауға тиіс.
Фото: Ulysmedia
Қылмыстық істің екінші эпизоды Алматыдағы белгілі жасыл аймақтардың бірі Баум тоғайына қатысты.
2025 жылдың күзінде тоғайды абаттандыру жұмыстары қоғамда қызу талқыланған. Жұмыстарды «Базис-А» компаниясы жүргізген. Ал тұрғындар жасыл аймақтың алдағы тағдырына алаңдаған.
Прокуратураның пайымдауынша, Боқаев осы жағдайды пайдаланып, қоғам назарын аударатын тағы бір бейнежазба түсіруді көздеген.
Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, Боқаев пен Нүсіпқожа гранит тақталарға қатысты эпизодта аты аталған Хамракуловқа қайта жүгінген.
Айыптау актісінде 24 қазаннан 25 қазанға қараған түні жалданған адамдар тоғай аумағына кіріп, екі жарым сағат ішінде 16 ағашты кескені немесе зақымдағаны айтылған.
Прокуратура бұл жұмысты орындағандарға 100 мың теңге төленгенін мәлімдеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, кейін Боқаав пен оның бейнеоператоры ағаштардың кесілуін мүдделі адамдар ұйымдастырған заңсыз әрекет ретінде көрсететін бейнеролик түсірген.
Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесудің алдында Боқаев қоғам белсенділерін тоғайға ертіп барып, зақымданған ағаштарды көрсеткен.
Прокурордың айтуынша, сол кезде Боқаев бұл аумаққа тұрғын үй кешендерін салу үшін ағаштар жойылып жатқанын айтқан.
– Боқаев алдымен ағаштарды кесуді ұйымдастырып, кейін бұл оқиғаны коммерциялық нысандар салу мақсатында жасыл желекті заңсыз жою әрекеті ретінде көрсетуді жоспарлаған, – деді прокурор айыптау тарапының ұстанымын жеткізіп.
Кейін бұл бейнежазба Боқаавтың Instagram-парақшасында жарияланған.
Прокуратураның пайымдауынша, жарияланым көрермендерге ағаштар құрылыс компанияларының мүддесі үшін, мемлекеттік органдардың көз жұма қарауымен жойылып жатыр деген түсінік қалыптастыруға бағытталған.
Сотта айтылған мәліметке сүйенсек, жасыл желекке келтірілген болуы мүмкін шығын 215 мың теңгеге бағаланған.
Бұл эпизодта да айыптау тарапы көпшілікке заңсыздықты әшкерелеу ретінде ұсынылған оқиғаны шын мәнінде айыпталушылардың өздері алдын ала ұйымдастырған деп есептейді.
Ал қорғаушылар бұл тұжырыммен келіспейді.
Фото: Ulysmedia
Қылмыстық істегі үшінші ірі эпизод бұдан ертерек, 2018 жылы болған оқиғаларға қатысты.
Ол кезде Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» компаниясы басшысының кеңесшісі қызметін атқарған.
Айыптау актісіне сәйкес, сол уақытта ол компанияның кәсіподақ ұйымына «BM Trust» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған.
Прокуратура бұл кәсіпорын іс жүзінде Боқаавқа тиесілі болғанымен, оның туысы Мадияр Қалменовтің атына рәсімделген деп мәлімдейді.
Тергеу неліктен кәсіподаққа назар аударған?
Мемлекеттік айыптаушының түсіндіруінше, кәсіподақ қаражатын жұмсауға мемлекеттік сатып алудың әдеттегі талаптары қолданылмаған.
Яғни кәсіподақ корпоративтік мерекелер, спорттық жарыстар және басқа да іс-шаралар үшін тендер өткізбей-ақ ақы төлей алған.
Тергеу нұсқасы бойынша, бастапқыда «BM Trust» арқылы осындай бірнеше іс-шара ұйымдастырылған.
Кейін Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға дейін газбен жүретін автокөліктердің қатысуымен халықаралық автошеру өткізу мәселесі туындаған.
Іс-шараның жалпы құны 86,8 миллион теңгеге жеткен.
Прокуратура бұл соманың әдейі өсіріліп көрсетілгенін, ал ақшаның екі компания арасында бөлінгенін мәлімдеді.
Автошеруді тікелей ұйымдастырған «We Can» ЖШС-не 38,9 миллион теңге аударылған. Ал қалған 47,9 миллион теңгені «BM Trust» алған.
Мемлекеттік айыптаушының пайымдауынша, Боқаавтың бақылауындағы компания тиісті жұмыстарды орындамай-ақ қаражат алған.
Тергеу бұдан бөлек, ақшаның бір бөлігі басқа адамдар мен ұйымдардың есепшоттарына аударылғанын мәлімдейді.
Олардың қатарында Боқаавтың анасының атына тіркелген «Kun-Arai» компаниясы мен Мадияр Қалменов те бар.
Айыптау актісіне сәйкес, кейін бұл қаражат жиһаз өндірісін дамытуға жұмсалған.
Прокурордың айтуынша, аталған ақшаға Астанадағы өндірістік ғимараттар мен кеңселерді жалға алу ақысы төленіп, станоктар мен компьютерлер сатып алынған. Сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы мен жарнама шығындары өтелген.
Айыптау материалдарында барлығы 19 банк операциясы көрсетілген.
Прокуратураның нұсқасы бойынша, Қалменов шамамен 10 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Оның бір бөлігін айыпталушылар жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде ұшақ билеттері мен қонақүйлерге жұмсаған.
Тергеу болжамды жымқыру сомасын 42 миллион теңгеден астам деп бағалап отыр.
Осылайша, бұл қаржылық эпизод гранит тақталар мен Баум тоғайына қатысты оқиғалардан бөлек қарастырылады.
Мұнда прокуратура Боқаавты кәсіподақ қаржысын жымқырды және кейін сол ақшаны кәсіпкерлік қызмет арқылы заңдастырды деп айыптап отыр.
Айыптау актісінде Санжар Боқаавтың қоғам алдындағы қызметіне де ерекше назар аударылған.
Прокурордың айтуынша, 2022 жылдан бері қоғам белсендісі Instagram желісінде мемлекеттік органдарды сынаған материалдарды тұрақты түрде жариялап келген. Ол шенеуніктерді кәсіби біліксіздік пен жемқорлыққа қатысты айыптаған.
Мемлекеттік айыптаушы бұл жарияланымдардың сипатын Боқаавтың кәсіби білімімен байланыстырды.
– Боқаев саяси технологиялар саласында арнайы білімі болғандықтан, оны ақпараттық ықпал етуге, мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың жұмысы туралы қоғамда теріс пікір қалыптастыруға пайдалануды ұйғарған, – деді прокурор.
Айыптау тарапының пікірінше, мұндай жарияланымдар халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін әлсіретіп, қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтуге бағытталған.
Қылмыстық істе үш жәбірленуші тарап бар. Олар – Мұхтар Амерханов, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі және «Павлодар өзен порты» АҚ.
Кәсіподақтың бұл іске қатысы автошеруді ұйымдастыру кезінде қаржы жымқырылды деген айыппен байланысты.
Ал «Павлодар өзен порты» АҚ гранит тақталарға қатысты эпизодта жәбірленуші тарап ретінде көрсетілген.
Дегенмен айыптау актісінің сотта жарияланған бөлігінен Мұхтар Амерхановтың қандай жағдайға байланысты жәбірленуші деп танылғаны анық емес.
Ulysmedia.kz тілшісі жәбірленушілер мен олардың өкілдерінен пікір алуға тырысқанымен, олар пікір беруден бас тартқан.
Санжар Боқаев пен өзге айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамайды.
Қоғам белсендісінің адвокаты Радмир Өтепов мемлекеттік айыптаушының ұстанымы қорғау тарапына түсінікті екенін, алайда прокурор баяндаған жайттар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
– Әркім өз жұмысын атқарып жатыр. Мемлекеттік айыптаушының ұстанымы бізге түсінікті. «Мемлекеттік айыптау» деген атаудың өзі олардың міндеті айып тағу екенін көрсетеді. Ал біздің міндетіміз – қорғау. Қорғауымыздағы азамат мемлекеттік айыптаудың мазмұнын естігенде қатты таңғалды. Ол айыптау актісімен алғаш танысқан кезде де қатты есеңгіреп қалған еді, – деді Өтепов.
Фото: Ulysmedia
Енді прокурор келтірген мән-жайлардың дәлелдермен расталатынын не расталмайтынын сот анықтауға тиіс.
Келесі сот отырысы 20 қазанға белгіленген.
Автор: Перизат Жарылқасын