×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

"Бар айыпты бір адамға ілгісі келді": Сарбаз өлімі бойынша адвокат прокурордың айыптауына жауап берді

15.09.2023, 08:47
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, былтыр жазда өз-өзіне қол салған 18 жастағы Бекбол Мираштың ісін жайында Бас әскери прокурор Дастан Сәкенов сұрақтарға жауап беріп, іс бойынша адвокат Сержан Пірәлиевті айыптай сөйлеген еді. Ulysmedia.kz тілшісі адвокатқа хабарласып, өзіне айтылған сын жайлы не ойлайтынын біліп көрді.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті ретінде сол жердегі келісімшарт бойынша әскери қызметкер Айбек Нұртаев танылған. Бұған дейін оның адвокаты Сержан Пірәлиев журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Оның айтуынша, сот кезінде сараптама тағайындалып, қайтыс болған сарбаздың аузынан, іш киімінен шәуіт табылған.

Биыл 24 тамызда Шымкент гарнизоны соты Жамбыл облысы "Шөлдала" шекара бекетінде қайтыс болған сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты күдікке ілініп, айыпталған 40 жастағы аға сержант Айбек Нұртайды "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен ақтап шықты. Бірақ сот оны "қызметін асыра пайдалану" және "ақшаны қорқытып алу" бабымен кінәлі деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Кеше Сенат кулуарында Бас әскери прокурор Дастан Сәкеновтен журналистер осы істің мән-жайын сұраған. Дастан Сәкенов Айбек Нұртайды кінәлі деп есептейді. “Біз үкімге наразылық келтіреміз, Мираштың өз-өзіне қол салғаны келісімшарт бойынша әскеридің әрекетінен болды” деді Дастан Сәкенов. Сондай-ақ Сәкенов “сарбаздың аузы мен киімінен шәуіт табылды” деген сөзді жоққа шығарған еді.

Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте сотталып кеткен аға сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиевтен Бас әскери прокурордың осы сыны жөнінде не ойлайтынын сұрап көрген. 

“Сот шешім шығарды. Онымен келісеміз. Біз де апелляциялық шағым бердік. Олар да бізге айтпай беріпті. Апелляция алқасы қандай шешім қабылдайтыны маған белгісіз. Бірақ алғашқы сот шешімін өзгерту өте қиын. Істе не болғанын бәрі біледі. Бұлар Жоғарғы сотқа дейін баратын шығар. Бұлардың жұмысынан кемшілік шыққаннан кейін сондай қадамға барып отыр”, – дейді Сержан Пірәлиев.

Сарбаздың өлімі бойынша іс жеке өндіріске бөлінген. Адвокат “бұларға енді кінәлі адамды табу керек болып тұр” дейді.

“Іске бір жылдан асып кетті. Әу баста бұлар істі дұрыс жүргізуі керек еді, бірақ бір адамды алды да мойнына ілді. Өлімді тергеп жатты да, қайғылы жайт болғаннан кейін 5 айдан кейін 16 қаңтарда мен айқай-шу көтердім. Олар “іс бітті, ештеңе жоқ” деп бәрін жылы жабуға тырысты. Айбек Нұртайдың ақталатынын білді. Оның үстінен "қызметін асыра пайдалану" және "ақшаны қорқытып алу" бап бойынша істі 2023 жылдың 12 қаңтарында ғана қозғады. Ал оқиға 2022 жылдың тамызында болды”, – дейді ол.

Өзін айыптай сөйлеген Бас әскери прокурордың сөзіне жауап берген Сержан Пірәлиев сотта келтірген дәйектерді сот дәлелдеп, үкім шығарғанын айтады.

“Сот жайдан-жай адамды ақтамайды. Сотта сараптама жүргізген әйелден судья дұрыстап тұрып сұрады. Сарапшы сараптаманы бірнеше рет өткізгенін, өз жұмысына жауап беретінін айтты. Сот өз құлағымен бәрін естіп, біліп отыр. Мен емес, шешімді сот шығарды. Мен әр сөзіме жауап бере алам. Заң бұзсам, мені жауапкершілікке тартатын еді. Ешқандай этиканы бұзған жоқпын. Істі жауып жатты. Мен содан кейін шырылдадым. Мұндай болмағанда іс қаңтарда бітіп, Айбекті ұзақ жылға соттап, ол түрмеде жататын еді”, – дейді Сержан Пірәлиев.

 

Серіктес жаңалықтары