Мемлекеттік айыптаушы Әлихан Мұрадовты кінәлі деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады, сонымен қатар айыпталушыдан ақшалай өтемақы өндіріп алуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотталушының адвокаты ұсынылған айыптаулармен келісті.
"Әлихан Мұрадов қылмысты тергеуге қатысып, тергеушілермен үнемі ынтымақтасқанын назарға алуды сұраймын. Сонымен қатар ол ұстау кезінде ешқандай қарсылық көрсетпеді, жасаған ісіне толық өкініш білдірді", – деді ол.
Сондай-ақ, адвокат қылмыстың басты мақсаты – елдегі әлеуметтік мәселелерге назар аудару болғанын мәлімдеді.
Соңғы сөзінде Мұрадов жасаған қылмысына өкініп, оның әрекеті салдарынан зардап шеккен барлық адамдардан кешірім сұрады.
Үкім 18 қыркүйекте жарияланады.
Бұған дейін айыпталушы ІІМ басшысымен келіссөз жайлы тілшілер сауалына жауап берген.
Ал өткен аптадағы сот отырысы барысында куәгерлер сотталушы банкті басып алған күні не болғанын айтып берген.
Еске салайық, 18 маусымда Әлихан Мұрадов «Керуен» сауда орталығы маңындағы Kaspi Bank филиалына басып кіріп, мекеме ішіндегі адамдарды кепілге алды.
Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ дереу жетіп, жақын маңдағы үйлердің барлық тұрғындары эвакуацияланды. Басқыншы кепілге алынған адамдарды өлтіруге ниетті екенін мәлімдеді.
Көп ұзамай Мұрадов ұсталып, кепілге алынғандар босатылды.
Бұдан бұрын экс-министр Ахметжанов басқыншының қалай ұсталғанын егжей-тегжейлі айтып берген еді.
Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушының өтелмеген несиелері болған, ал қылмыс жасалған кезде ол есірткіге мас болған.