×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық заңсыз еңбек етіп жүр

20.09.2023, 16:52
inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әлемнің түкпір-түкпірінде қара жұмыс істеп жүрген қазақ жастары заңдық тұрғыда қорғалмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Ресми дерек, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда  еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8902 адам (2019 жылы – 10 707 адам, 2018 жылы – 11 413 адам) болды. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растап отыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Салдарын санамалап айтсам сұмдық.  Мәселен, 57 жасар қазақстандық Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда, оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде.  Одан бөлек, сол елдегі өндіріс орындарында  қолынан айрылған, басқа да жарақат алған отандастарымыз маған арыздарын айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады”, – дейді мәжілісмен.

Сәрсенғалиевтің сөзінше, отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі  – екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі.

Депутат президент Тоқаев 2020 жылдың қазан айында «Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады», - деп үкіметке мәселені шешуді тапсырғанын еске салды. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.

“Корея Республикасымен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» - ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді?”, – дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті болып табылады. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.

“Бүгінге дейін екі ел арасында 7-ші раундтық келіссөз жүргізілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын көрмеді. Ал шетелде заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр. Нақты сұрақ, біріншіден, Қазақстан қашан  «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System) енеді, қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады?”, – деп сұрады Сәрсенғалиев.

Депутат еңбек министрлігі екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуы керегін айтты.

Айта кетейік, бұдан бұрын Оңтүстік Кореяда қазақстандық ерлі-зайыпты қамауға алынған.

Серіктес жаңалықтары