"ҚТЖ-Жүк тасымалы" директорының Маркетинг және жоспарлау жөніндегі орынбасары Нұржан Келбұғанов пен "Қазтеміртранс" басшысының орынбасары Александр Ширяев журналистердің ресейлік серіктестермен ынтымақтастық деңгейі туралы сұрағына жауап бере алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өткен жылдан бастап ресейлік жүк тасымалдаушылар мен импорттаушылар транзиттік жүк тасымалдарына тарифтерді төмендету мәселесі бойынша ҚТЖ-ға бірнеше рет жүгінген.
ҚТЖ брифингінде Ulysmedia.kz тілшісі қазақстандық ұлттық компанияда ресейлік серіктестердің өтінішін орындады ма деп сұрады. Алайда жүк тасымалына жетекшілік ететін қызметкерлер бұл сұраққа жауап бере алмады.
"Транзиттік саясат менің құзыретімде емес. Ресми түрде баспасөз қызметі арқылы сұраңыз", – деп жауап берді "ҚТЖ - Жүк тасымалы" басшысының орынбасары.
"Қазтеміртранс" басшысының орынбасары Александр Ширяев бұл мәселеге қатысты мәліметі жоқ екенін мәлімдеді.
ҚТЖ деректері бойынша, осы жылдың 8 айында жүк айналымы 179 млрд тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,7%-ға жоғары.
Айта кетейік, ҚТЖ Басқарма төрағасы – Нұрлан Сауранбаев. Ол ұлттық компанияны 2021 жылдан бері басқарып келеді.