×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Алматы облысында 1 млрд теңге жұмсалған геопортал жұмыс істемейтін болып шықты

21.09.2023, 17:15
Алматы облысында 1 млрд теңге жұмсалған геопортал жұмыс істемейтін болып шықты
фото: ашық дереккөзден

Антикор Алматы облысында жұмыс істемейтін геопортал үшін бюджеттің 1 миллиард теңгесін шығындаған шенділердің әрекеті назарға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық аймақтарында кешенді аймақтық географиялық ақпараттық жүйелер, яғни геопортал құрылып жатыр. Геопорталды Алматы облысында іске асыруға бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жобаның қаржысы мемлекеттік сатып алу арқылы аударылған.

Жеткізушілер қала маңындағы Ұзынағаш ауылы, Қаскелен қаласы, Өтеген батыр ауылы, Талғар, Есік сынды барлығы бес аудан орталығының және Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының геопорталында мәліметтерді орналастыруға міндеттеме алған. Алайда бүгінгі күні бұл портал жұмыс істемейтіні анықталып отыр.

«Техникалық ерекшелік талаптарының бірі геопорталда қызмет алудың бизнес процестерін автоматтандыру болды. Бұл – өтінімдерді автоматтандырылған қабылдау, өтініш берушілер кабинеті, басқармалар, қалалық және аудандық сәулет және жер қатынастары бөлімдері қызметкерлерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ МК мамандарының, табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлерінің, қалалар мен аудандар әкімдері мен орынбасарларының, Ақпараттық технологиялар басқармасы мен облыс әкімі аппараты қызметкерлерінің және т. б. автоматтандырылған жұмыс орындары. Алайда геопарталды зерделеу кезінде жалпы қолжетімділікте және пайдаланушының жеке кабинетіндегі қызметтер бөлімінде мемлекеттік қызметтер туралы қандай да бір ақпарат жоқ екені анықталды», - делінген Антикор хабарламасында.

Шенділер жұмыс істемейтін жоба үшін қаражат игерген.

«Бұл ретте әкімдіктің лауазымды тұлғалары тарапынан орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылғанын атап өту қажет. Бүгінгі таңда осы материал бойынша IT-мамандар мен картографтарды тарта отырып аудит тағайындалды», - деп мәлім етті ведомство.