Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысындағы "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнындағы апатты жою шаралары талқыланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекеттік инспекторлар "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнының №303 апаттық ұңғымасын тексерген.
"Кеңесте апатты жою жөніндегі жедел штаб басшылары, "Бозашы Нефть" ЖШС, "Caspian Drilling LLP" ЖШС, "Заман Энерго" ЖШС және "Ғылыми-өндірістік орталық” ЖШС басшылары тыңдалды. Сондай-ақ, апатты жоюдың қабылданған әдістері және апатты жою жөніндегі жедел штабтың іс-қимылдары бойынша мәселелер талқыланды. Тиісті тапсырмалар берілді", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында өрт 9 маусым күні тұтанған болатын.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өртке қатысты тексеру жүргізу қажеттігін айтып, аталған кен орнындағы былықтарды жайып салған.
Бұдан бұрын кен орнындағы өрт экологияға қандай зиян келтіргені жайлы жазғанбыз.