×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Балалар мектепке білім алу үшін барады»: Тоқаев хиджаб дауының түйінін шешіп берді

05.10.2023, 11:33
«Балалар мектепке білім алу үшін барады»: Тоқаев хиджаб дауының түйінін шешіп берді
Фото: Ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде мектептегі хиджаб мәселесі жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керектігіне назар аударады.

“Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – дейді ол.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы басталғалы қоғамда мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты дау-дамай басылмай тұр. Бұдан бұрын  оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келетінін мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Ардақ Назаров Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, оның әрбір азаматы заңға бағынуы керегін айтты.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да дауға айналған мәселеге қатысты ойын ортаға салды.