×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Мемлекеттік тілді қорғағандарды мемлекет те қорғауы керек": депутат блогер Құзайыровтың ісі жайлы

06.10.2023, 09:52
"Мемлекеттік тілді қорғағандарды мемлекет те қорғауы керек": депутат блогер Құзайыровтың ісі жайлы
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса шенеуніктерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен блогердің үстінен іс қозғалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Мемлекеттік орында мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілді талап етіп, Конституциялық заңдылықты қорғаған Диас Құзайырға қылмыстық іс қозғау емес, керісінше алғыс айту керек! Ал, Конституцияны бұзып отырған, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерге шара қолданатын кез келді!”, – деп жазды депутат.

Қазыбек Исаның айтуынша,  кеше бір топ Парламент депутаттары Диас Құзайыровқа Риддер қалалық әкімшілігі мен ішкі істер басқармасынан жасалып жатқан заңсыздықтарды тексеріп, іске әділ қарау үшін ҚР Бас прокуроры Б.Асыловқа хат жолдаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық белсенділер Диас Құзайыров, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың үстінен Риддер шенеуніктерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде қазақ тілі мәселесін талап етіп, мәселе көтеріп жүрген павлодарлық блогер Диас Құзайыровтың үйін полиция тінтіп, заттарын тәркілеген. Оның және екі әріптесінің үстінен Риддер әкімдігінің төрт қызметкері арыз жазған.

Белсенділер Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі "Шаңырақтың" жағдайын біліп, мәселесін көтеру үшін Риддерге барған. Олар әкімдік, мәслихат және Amanat партиясы филиалының қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлесуді талап еткен, алайда олар барлық жерде орыс тілінде жауап берген. Белсенділердің қазақ тілінде неге олармен сөйлеспейтіні туралы сұрақтарына шенеуніктер "мемлекеттік тілді енді ғана үйрене бастадық" деп ақталмақ болған.

Үкіметтің баспасөз орталығында белсенділердің үстінен не үшін іс қозғалғанын Ulysmedia.kz тілшісі Ішкі істер министрі Марат Қожаевтан сұраған. Ол іс бойынша филологиялық сараптама тағайындалғанын хабарлаған еді.

Бұдан бұрын депутат Абзал Құспан Риддердегі оқиға бойынша депутаттық сауал ретінде Бас прокуратураға тиісті сұраныс жолдағанын мәлімдеген.

Кеше блогер Диас Құзайыров Youtube-арнасында әкімдіктегі оқиға жөнінде видеоүндеу жариялады. Онда ол шулы оқиғаның неден басталғанын түсіндіріп, халықтан уайымдамауды өтініп, әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрады.